Қытай стиліндегі жаңғырту және Орталық Азияның ортақ болашағы: тоғысқан тұстар мен келешек келбеті

3663
Серік Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Xinhua

Алматыдағы Достық үйінде Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы, «Синьхуа» ақпарат агенттігі және «Бір белдеу – бір жол» сарапшылар клубының ұйымдастыруымен «Қытай стиліндегі жаңғырту және Қытай мен Орталық Азия елдерінің ортақ тағдыр қауымдастығы» атты халықаралық форум өтті. Ауқымды шараға жетекші дипломаттар, ғалымдар, сарапшылар мен БАҚ өкілдері қатысып, жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы өңірлік ынтымақтастықтың болашағын талқылады.

Мыңжылдық тарихы бар әріптестік

ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй форумдағы бағдарламалық сөзінде Қытай мен Орталық Азия елдерінің арасындағы ынтымақтастықтың тамыры Ұлы Жібек жолының кезеңіне барып тірелетінін атап өтті. Бүгінгі таңда бұл әріптестік өзара сабақтастықты сақтап қана қоймай, XXI ғасырдың жаңа талаптарына сай жаңа мазмұнмен толығып отыр. Ел басшыларының стратегиялық басшылығымен бұл байланыстар сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтеріліп, саяси, экономикалық және гуманитарлық салаларды бірдей қамтуда.

Бас консулдың айтуынша, тек 2024 жылдың өзінде Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 94,8 миллиард АҚШ долларына жеткен. Қытай өңірдің ең ірі сауда серіктесі мен негізгі инвесторына айналып отыр. Қытай – Орталық Азия газ құбыры арқылы 500 миллиард текше метрден астам табиғи газ тасымалданған. «Болат керуен» атанған контейнерлік пойыздар Қытай мен Еуропаны Орталық Азия арқылы тұрақты түрде байланыстырып, жаңа буын логистикасының дамуына серпін беруде.

Қытайлық жаңғырту – өзара өркендеудің моделі

Форумның басты тақырыбы – қытайлық жаңғырту моделі. Бұл модель инклюзивті даму, орнықтылық және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген. Цзян Вэй ханым бұл үлгі Орталық Азия елдеріне әлеуметтік тұрақтылық пен экологиялық жауапкершілікпен үйлескен экономикалық өсудің жаңа форматын ұсынатынын жеткізді.

Жаһандық тұрақсыздық жағдайында Қытайдың «бейбіт даму» моделі балама ретінде қызығушылық тудыруда. «Біз экспансия емес, өзара даму, бәсекелестік емес, ынтымақтастық ұсынамыз», – деді Бас консул. Бұл ұстанымды қазақстандық сарапшылар да қолдады.

Стратегияларды ұштастыру және қолдау

Цзян Вэй ханым өз сөзінде Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы мен өңір елдерінің ұлттық даму стратегияларын үйлестірудің маңызын атап өтті. Қазіргі таңда Орталық Азия трансқұрлықтық байланыстардың негізгі торабына айналып отырғандықтан, даму басымдықтарын теңестіру логистика, өнеркәсіп және цифрлық экономиканы жүйелі түрде ілгерілетуге жол ашады.

Сарапшылар өз баяндамаларында саяси сенімді нығайту қажеттігі мен елдердің ішкі істеріне араласуға жол бермеу мәселесіне ерекше назар аударды. Әсіресе, «ортақ тағдыр қауымдастығын» қалыптастыру тақырыбы – яғни, әр ел тең құқылы рөл атқаратын, гуманитарлық алмасу мен ортақ мәдени жады тұрақты ынтымақтастықтың негізіне айналатын модель кеңінен талқыланды.

Ғылыми пікірталас пен сараптамалық көзқарас

Форумның пленарлық сессиясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен келген жетекші аналитиктер сөз сөйледі. Экологиялық өркениет, жаңғырту идеяларының Орталық Азия философиялық ойындағы көрінісі, гуманитарлық байланыстар мен білім беру саласындағы ынтымақтастық тақырыптары көтерілді.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Философия және дінтану институтының Саяси зерттеулер орталығының директоры А.М. Әміребаев ортақ тағдыр қауымдастығын халықаралық қатынастардың жаңа парадигмасы ретінде қарастыру қажеттігін баса айтты. Бас ғылыми қызметкер Ю.О. Булүкеев Қытай жаңғырту үлгісі Қазақстан үшін тұрақтылықты сақтай отырып, кезең-кезеңімен дамуға бағытталған мысал бола алатынын жеткізді.

Өзбекстан мен Тәжікстан өкілдері геосаяси текетірестерден аулақ болу және көпполярлы әлемге қолдау білдірудің маңыздылығын атап өтті.

Қазақстанда өтетін саммиттен күтілетін үміт

Форум тек пікір алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар алдағы маусым айында Қазақстанда өтетін «Қытай – Орталық Азия» екінші саммитіне дайындық кезеңінің маңызды бір бөлігі болды. Цзян Вэй ханым бұл саммиттің қол жеткізілген келісімдерді бекіту мен өңірлік ынтымақтастықтың жаңа басымдықтарын айқындау тұрғысынан ерекше мәнге ие болатынын атап өтті.

Алматыдағы форум Қытай мен Орталық Азия елдерінің серіктестігі өзара сенім, ортақ пайда және бейбітшілік пен даму ұмтылысына негізделгенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Өңірлік ерекшеліктерге бейімделген қытайлық жаңғырту – тұрақты өсім мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін жаңа қозғаушы күш бола алады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -