Биыл Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапармен келуі күтілуде.
Бұл оқиға геосаяси кеңістікте жаңа белеске айналуы мүмкін. Сапар Орталық Азия үшін нені білдіреді? Аймақ елдері қандай мүмкіндіктер мен сын-тегеуріндерге тап болуы мүмкін? Осы және өзге де маңызды сауалдарға саясаттанушы Қайыржан Әбдіхалықов жауап берді.
— Қайыржан мырза, бұл сапардың мән-маңызы сіздіңше неде?
Негізінен Қытай Халық Республикасы – Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды әріптестерінің бірі. Өйткені, бәрімізге белгілі, қос ел арасындағы қарым-қатынас терең тарихтан бастау алады. Бұл байланыстар сонау Қазақ хандығы кезеңінен жалғасып, КСРО дәуірінде де өзара байланыс үзілген жоқ. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, Қытай біздің егемендігімізді алғашқылардың бірі болып мойындап, достық ниетпен қарсы алды.
Содан бері екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Әсіресе соңғы 15–17 жыл ішінде Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасының аясында Қазақстан мен Қытай арасында түрлі салаларда бірқатар жаңа экономикалық жобалар жүзеге асты. Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа ерекше мән беріліп келеді. Бұл ынтымақтастық көбіне көлік, энергетика және инвестиция салаларында белсенді жүргізілуде.
Сондай-ақ, соңғы жылдары геосаяси және сыртқы саясат тұрғысынан да екіжақты байланыс нығая түсті. Түрлі деңгейдегі саммиттер мен форумдар өткізілуде. Мәселен, 2022 жылдың қыркүйек айында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинь пандемиядан кейінгі алғашқы ресми сапарын Қазақстаннан бастап, одан кейін Ташкентке барған болатын. Бұл – Қазақстанның Қытайдың сыртқы саясатындағы маңызын көрсететін нақты белгі деп айтуға болады.
Соңғы 2–3 жыл ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас, әсіресе көлік, логистика және сыртқы саясаттағы бірлескен бастамалар аясында едәуір нығайды. Меніңше, биылғы 2025 жылы бұл байланыстар одан әрі дамиды. Өйткені қазіргі таңда энергетика, көлік және логистика салалары Қытай үшін аса өзекті бағыттар саналады.
Қытай бүгінде қарқынды даму үстінде. Оның экономикалық мүдделері тек Орталық Азиямен шектелмей, жаһандық деңгейде кеңейіп келеді. Осы орайда «Бір белдеу – бір жол», «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» сияқты бағдарламалар аясында Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Ағымдағы жылы логистика мен мұнай-газ тасымалдау бағытында тың жобаларға жол ашылуы ықтимал. Себебі Қытай осы салаларға ерекше көңіл бөліп, баламалы бағыттарды дамытуға ниет білдіруде.
— Бұл сапар Қазақстан мен Қытайдың геосаяси байланысына қандай серпін беруі мүмкін?
Қазіргі кезде біз, өкінішке қарай, әлем сахнасындағы тұрақсыздықтың куәсі болып отырмыз. Дегенмен Орталық Азия, Қытай, жалпы үлкен Азия мен Еуразия кеңістігінде тұрақтылықты сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл тек Қытай мен Қазақстанға ғана қатысты емес – бүкіл Орталық Азия елдері мен Ресей Федерациясы да бұл бағытта айрықша назар аударуда.
Shutterstock
Меніңше, ең басты міндет – осы тұрақтылықты сақтау. Егер біз Орталық немесе үлкен Азия туралы айтатын болсақ, оған Кавказ, Ауғанстан және Пәкістан да кіреді. Бұл аймақтарда да тұрақтылықты қамтамасыз етуге ұмтылыс бар.
Тағы бір маңызды фактор – бұл сыртқы саясат. Сыртқы саясат – өзара тығыз байланысты сала. Яғни Қытайдың Орталық Азияға қатысты саясатын ғана емес, жалпы сыртқы саяси бағыттарын да кешенді түрде қарастыру керек.
Мысалы, қазіргі АҚШ президентінің әкімшілігінің Қытайға қатысты ұстанымын және Тайвань мәселесін ескерген жөн. Тайвань төңірегіндегі шиеленіс Қытай үшін, әрине, қолайсыз. Сондықтан Қытайдың басқа бағыттағы, атап айтқанда, шығыс және оңтүстік бағыттағы саяси проблемаларына Тайвань мен Жапониямен арадағы қатынастар да жатады.
Ал Қытайдың батыс шекарасында – біз бармыз, яғни Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан. Сондықтан Қытай бұл аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға мүдделі. Өйткені Тайвань мәселесі, Жапония мен АҚШ-пен арадағы қатынастар күрделі болып тұрғанда, Қытай үшін батыс бағыттағы бейбіт және сенімді серіктестік аса маңызды.
Сонымен қатар, біз білетіндей, «Бір белдеу – бір жол» атты ауқымды экономикалық бағдарлама мен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы көбіне Синьцзян Ұйғыр автономиялық ауданы арқылы өтеді. Осы логистикалық бағыт Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан арқылы өтіп, одан әрі Ресей мен Еуропаға жалғасады.
Сондықтан Қытай бұл жолдардың, әсіресе көлік-логистика желілерінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге барынша күш салады.
— Қытайдың Орталық Азия мен Қазақстандағы басты мүдделері қандай деп айтуға болады?
Әрине, қазіргі таңда Қытаймен ынтымақтастық көбінесе мұнай-газ және логистика салаларына тіреліп отыр. Мысалы, біз білетіндей, Атасу – Алашанькоу мұнай құбыры, Ақтөбе облысындағы мұнай-газ жобалары, сондай-ақ Алматыдағы ЖЭО-2-ні көмірден газға ауыстыру бойынша жобаны да қытайлық компания жеңіп алды, қазір бұл жоба жүзеге асырылуда.
Осы сияқты өнеркәсіптік жобалар мен логистика мәселелері екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары болып келді. Алайда қазіргі таңда меніңше бұл бағыттарға өзгерістер енуі мүмкін.
Қандай өзгерістер? Қазір әлемде жаңа трендтер пайда болуда – бұл жоғары технологиялар, жасанды интеллект, цифрлық экономика. Бүкіл мемлекеттер осы салаға бет бұрған. Қытай да бұл үрдістен қалыс қалып отырған жоқ, біз де соған қарай бағытталып келеміз.
Қазіргі заман – цифрландыру заманы. Жасанды интеллект, «жасыл» экономика сияқты жаңа салаларда Қытай баламалы өнеркәсіптік шешімдерді іздестіріп жатыр. Енді тек мұнай-газға сүйенбей, әртүрлі шикізат көздерін пайдалануға мүдделі болып отыр.
Мысалы, электромобиль өндірісінде кеңінен қолданылатын сирек жер металдары Қытайға аса қажет. Ал мұндай элементтер Қазақстанда мол кездеседі. Сондықтан алдағы уақытта Қытай Қазақстан мен басқа да Орталық Азия елдерімен жоғары технологиялар саласындағы әріптестікті күшейтуге тырысады деп ойлаймын.
Яғни, ендігі кезекте Қытай тек мұнай-газ немесе логистикамен ғана шектелмей, сирек жер металдарын өндіру, технологиялық жобаларды жүзеге асыру сияқты бағыттарға ерекше назар аударады.
— Кеңес Одағынан шыққан елдер арасында Қытайға қатысты үрей сезімі болғаны белгілі. Қазіргі таңда бұл қорқыныш жойылды деп айтуға бола ма?
Әрине, ондай қорқыныш мүлде жоқ деп айтуға болмайды. Бұл көбінесе Кеңес дәуіріндегі идеологияның әсерінен немесе сол кездегі тарихи оқиғаларға байланысты қалыптасқан көзқарастар. Алайда қазіргі Қытай – мүлде басқа ел. Қытай халқы да бұрынғыдай емес. Олар агрессияшыл емес, керісінше, экономикалық даму мен халықтың әл-ауқатына басымдық береді.
Ең бастысы – Қытайдың жұмсақ күші. Бұл дегеніміз – сауда, инвестиция, жаңа ресурстарды игеру, сонымен қатар мәдениет пен білім саласындағы байланыстар. Соңғы жылдары мәдениеттердің тоғысуы мен гуманитарлық қатынастар жаңа деңгейге көтерілді. Мысалы, Астанада Пекин тілі және мәдениеті университетінің филиалы ашылды. Алматы, Астана және өзге қалаларда Қытайдың мәдени орталықтары жұмыс істеп тұр. Қытай тілін үйрететін курстар да бар.
Осының арқасында біздің азаматтар Қытайдың бейбітсүйгіш саясатын өз көздерімен көріп, оның агрессияшыл емес екенін түсінуде. Ал халық арасында қорқыныштың болуы – ақпараттың жетіспеушілігінен. Біз Қытайда не болып жатқанын білмейміз, олар да бізде не болып жатқанынан бейхабар.
Сондықтан екі ел арасында ақпарат алмасу, мәдени байланыстар мен білім беру саласындағы ынтымақтастықты күшейту қажет. Егер осы бағыттарда алға жылжитын болсақ, халқымыз Қытайдың озық технологиялары, білім беру жүйесі туралы көбірек ақпарат алатын болады. Олардың тиімді тұстарын меңгеру – Қазақстан үшін пайдалы болары сөзсіз.
Ақпарат пен мәдениет алмасу – қорқыныш сезімін жоюдың ең тиімді жолы. Осы арқылы Қытайға деген жаңа, жағымды көзқарас қалыптасады деп ойлаймын.
— Қытайда тұрып жатқан қандастар бар. Осы ретте Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың нығая түсуі оларға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
— Әрине, бұл өте маңызды мәселе. Өйткені Қытайдағы қазақтар – диаспора емес, олар сол жердің байырғы тұрғындары. Этнология ғылымында бұл екеуін ажырататын екі түрлі ұғым бар. Диаспора – өз елінен тыс жерде өмір сүріп жатқан, кейін көшіп барған этникалық топ өкілдері. Мысалы, Қазақстандағы орыстар, украиндар немесе корейлер – диаспора саналады.
Ал Қытайдағы қазақтар – бұл эриденттер, яғни тарихи тұрғыда сол аумақта өмір сүріп келе жатқан этнос өкілдері. Мәселен, Құлжа мен Шыңжаңдағы қазақтар – сол аймақтың байырғы халқы. Қытай тарапы да мұны жақсы біледі және оларға белгілі бір құқықтар мен мүмкіндіктер беріп отыр.
Әрине, 1980–1990 жылдары белгілі бір қиындықтар болғанын жоққа шығаруға болмайды. Бұл, бәлкім, КСРО мен Қытай арасындағы саяси қатынастардың шиеленісті болуына байланысты болған шығар. 1989 жылға дейін екі ел арасында «қырғи-қабақ» ахуал болғаны тарихтан белгілі. Ал ол кезде Қазақстан КСРО құрамында еді. Сондықтан да мұның әсері болуы мүмкін.
Бірақ 1991 жылдан бастап Қазақстан өзінің көпвекторлы сыртқы саясатын жүргізе бастады. Екі ел арасындағы өзара қарым-қатынастың дамуына ел басшыларының тікелей араласуы да зор ықпал етті. Бұл ретте Тұңғыш Президент те, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қытаймен байланысты жаңа деңгейге көтере білді.
Тоқаев мырза – Қытайда елшілік қызмет атқарған, қытай тілін және мәдениетін жақсы білетін кәсіби дипломат. Бұл – Қазақстан үшін үлкен артықшылық. Сондықтан Қытаймен қарым-қатынасты сапалы түрде жүргізуге мүмкіндік мол.
Сонымен қатар біз 2017 жылы Қытайда Димаш Құдайбергеннің үлкен байқауда жүлделі орын алып, зор танымалдыққа ие болғанын білеміз. Сол арқылы көптеген қазақстандық өнер адамдары, ғалымдар Қытайға барды. Бұл өз кезегінде Қытайдағы қазақтарға деген көзқарастың өзгеруіне себеп болды. Қытай қоғамы мен билігі ондағы қазақтардың да мәдениет пен ғылымға қосар үлесін бағалай бастады.
Қазіргі келіп жатқан ақпараттарға қарағанда, қандастарға қатысты кемсітушілік немесе өзге де жағымсыз жағдайлар байқалмайды. Сондықтан екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нығаюы, бейбіт әрі тең құқылы қатынастың қалыптасуы – Қытайдағы қандастарымыз үшін өте тиімді. Бұл оларға білім алу, мәдени байланыс орнату, әлеуметтік тұрғыдан дамуға жол ашады деп ойлаймын.
— Демек, халық Қытайдан қорықпау керек дейсіз ғой?
Әрине, қорқудың қажеті жоқ. Өйткені Қытай — біздің көршіміз. Ол ешқайда кетпейді, бізбен бірге өмір сүреді, шекаралас елміз. Шекарамыз өте кең — 1800 шақырымға жуық. Бұл шекара демаркация мен делимитациядан өткен, екі ел арасындағы халықаралық келісімдерге сәйкес белгіленген. Сондықтан біз бейбітсүйгіш саясат ұстанып отырмыз.
Қорқу үшін нақты себеп немесе алғышарт болуы керек. Қазіргі таңда ондай негіздер жоқ. Керісінше, Қытаймен экономикалық ынтымақтастық арқылы елімізде жаңа өндіріс орындары ашылып, жұмыс орындары пайда болуда. Бұл — біздің азаматтар үшін нақты пайда.
Көршімен татулық — басты қағида. Сондықтан біз Қытаймен тату, бейбіт қарым-қатынасты одан әрі жалғастыруымыз қажет.
— Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары Қытай, Ресей және Батыс арасындағы күштер теңдігіне қалай әсер етуі мүмкін?
Әрине, ірі державалардың көшбасшыларының сапары геосаяси жағдайға әсер етуі мүмкін. Бірақ Си Цзиньпин Қазақстанға жыл сайын кемінде бір рет келеді немесе біздің Президентіміз Қытайға сапар жасайды. Бұл сапарлар, негізінен, экономикалық ынтымақтастыққа, әсіресе энергетика мен көлік саласындағы байланыстарды дамытуға бағытталады.
Қытай бізге көрші ел, сондықтан біздің қарым-қатынасымыз табиғи түрде тығыз болуы заңды. Біз Қытай үшін алыстағы Аргентина немесе Колумбия емеспіз — біз «көрші есікпіз». Есікті ашсақ — Қытай, олар ашса — Қазақстан.
Сондықтан геосаяси кернеу емес, керісінше, өзара тиімді қатынас күшейе түседі деп ойлаймын. Өйткені бізге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты көрші елдер де қарайды. Қазақстан Қытаймен байланысын қаншалықты дұрыс жүргізсе, олар да соған қарап бағдар алады. Бұл — тек Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынас емес, бұл — бүкіл Орталық Азия үшін ашық мүмкіндіктер алаңы.
Ресеймен қарым-қатынас та ескерусіз қалмайды. Бүгінде Ресей мен Қытай стратегиялық серіктес. Сондықтан Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық Ресейге қарсы бағытталды деуге негіз жоқ. Керісінше, бұл байланыс Ресейге де тиімді болуы мүмкін. Қытайдың Еуропа мен Ресейге шығатын баламалы жол іздеуі Қазақстан арқылы жүзеге асуы ықтимал.
Ал Батыс елдеріне келсек, олардың Қытаймен экономикалық байланысы бар, бірақ саяси деңгейде бәсекелестік пен сақтық та жоқ емес. Әсіресе АҚШ жаңа әкімшілігі Қытайға қатысты ұстанымын өзгертуі мүмкін. Дегенмен, Қазақстан үшін бұл сапардың ешқандай теріс салдары болмайды.
Керісінше, Қазақстанның Қытаймен тығыз әрі тең әріптестік орнатуы — біздің елдің тұрақтылығы мен халықаралық беделінің көрінісі. Осындай жоғары деңгейдегі сапарлар — Қазақстан дипломатиясының жетістігі. Қытайдың көшбасшысы кез келген елге бара бермейді, ол тек стратегиялық серіктестеріне барады. Си Цзиньпиннің 2025 жылғы Қазақстанға сапары — соның айғағы.
— Әңгімеңіз бен жасаған сараптамаңыз үшін көп рақмет!