Бүгін Астанада Экономикалық, ауыл шаруашылығы, экологиялық, техникалық, өнеркәсіптік және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Аустрия үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) кезекті 12-ші отырысы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Аустрия Республикасы Экономика, энергетика және туризм федералдық министрлігінің Экономика, инновациялар және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі бас директоры Флориан Фраушердің тең төрағалығымен өтті. Отырысқа екі елдің салалық министрліктері мен ведомстволарының өкілдері де қатысты.
ҮАК күн тәртібіне сәйкес тараптар Қазақстан мен Аустриядағы қазіргі экономикалық жағдайды, екі үкіметтің экономикаларды дамыту бойынша қабылдап жатқан шараларын, сондай-ақ екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Аустрия делегациясын жүргізіліп жатқан реформалар, Еуропалық одақпен ынтымақтастықты кеңейту, экономиканы әртараптандыруға бағытталған нақты қадамдар, сондай-ақ Қазақстанда шетелдік инвестициялар тарту мен бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі шаралар туралы хабардар етті.
Р.Василенко атап өткендей, 2009 жылы Венада өткен алғашқы отырыстан бері бірлескен комиссия Қазақстан мен Аустрия арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға маңызды үлес қосып келеді. Ол екіжақты серіктестіктің жоғары деңгейі мен «Andritz Hydro», «PlanRadar» және басқа да ірі аустриялық компаниялардың қазақстандық нарықтағы табысты тәжірибесін атап өтіп, екі ел арасындағы іскерлік белсенділікті одан әрі арттыруға шақырды.
Өз кезегінде Аустрияның Экономика, энергетика және туризм федералдық министрлігінің бас директоры Ф.Фраушер Қазақстанның Орталық Азиядағы Аустрияның жетекші серіктесі екенін атап өтіп, Қазақстанмен ынтымақтастықтың барлық басым бағыттары бойынша серіктестікті нығайтуға мүдделілігін білдірді.
ҮАК отырысы аясында Қазақстан мен Аустрия делегациялары энергетика, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері, тау-кен өнеркәсібі, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, туризм және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Тараптар өзара тиімді болуы мүмкін жобалар жөніндегі өзекті ақпарат алмасуды жалғастыру, өңіраралық және іскерлік байланыстарды нығайтуға жәрдемдесу, сондай-ақ екі ел кәсіпкерлерінің сапарларын ұйымдастыру арқылы екіжақты сауда-экономикалық көрсеткіштерді арттыруды жалғастыру туралы уағдаласты.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы мен Штирия, Түркістан облысы мен Каринтия, Павлодар облысы мен Жоғарғы Австрия арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумдар аясында өңіраралық әріптестікті дамыту мүмкіндіктері аталып өтті.
Сол күні Астанада Қазақстан-Аустрия Іскерлік кеңесінің 10-шы отырысы өтті. Онда Қазақстан Республикасының инвестициялық әлеуеті таныстырылып, машина жасау, ауыл шаруашылығы және өзге де салалардағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Қазақстандық статистикаға сәйкес 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Аустрия арасындағы тауар айналымы 280,8 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 4,1 млн доллар, импорт – 276,7 млн доллар). 2024 жылы Аустриядан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 20,7 млн долларды құрады, ал 2005 жылдан бері бұл көрсеткіш 3 млрд доллардан асты. Қазақстанда аустриялық капиталдың қатысуымен шамамен 180 кәсіпорын тіркелген.