Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И Қазақстан мен Қытай арасындағы Стратегиялық диалогтың екінші отырысына қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қытай СІМ басшысы 26 сәуірде өтетін «Орталық Азия – Қытай» форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысу үшін Алматыға жұмыс сапарымен келді.
Стратегиялық диалог отырысы барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Министрлер биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын қарастырды, сондай-ақ екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша қазақ-қытай қатынастары дамуының оң серпінін атап өтті.
Сауда-экономикалық байланыстарды арттыру бойынша бірлескен күш-жігерге ерекше назар аударылды. Қазақстанның Қытайға шикізаттық емес экспортын ұлғайтуды қоса алғанда, индустриялық-инвестициялық, энергетикалық, транзит-көліктік және инновациялық ынтымақтастықты бірлесіп дамытуда жаңа тәсілдерді әзірлеу қажеттілігі баса айтылды.
«Әрқашан дами беретін байланысымыз геосаяси сын-қатерлер мен конъюнктуралық үрдістерге ұшырамайды. Қытай біз үшін мейірімді көрші және сенімді дос қана емес, сонымен қатар жан-жақты байланысы бар жақын ел» Деп мәлімдеді М.Нұртілеу
Былтыр екіжақты тауар айналымы рекордтық көрсеткіш – 43,8 млрд АҚШ долларын құрады. Екі мемлекет те жақын арада өзара сауда көлемін екі есеге арттыруға ұмтылуда. Қазақ-қытай инвестициялық пулы шамамен 66,4 млрд АҚШ доллары сомасына 224 жобаны қамтиды.
«Біз Қазақстанды Қытайдың көршілес мемлекеттермен қарым-қатынасында басты серіктес ретінде қарастырамыз. Қытай Қазақстанның аумақтық тұтастығын, егемендігін және қауіпсіздігін қорғауда, сондай-ақ ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес елдің дамуына бағытталған күш-жігерін нық қолдайды» Ван И
Сыртқы саяси ведомстволарының басшылары биыл жоспарланған екіжақты сапарлар мен іс-шаралар кестесін талқылады, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарды теңестірді».
Кездесу қорытындысы бойынша ҚР-ҚХР сыртқы істер министрліктері арасында 2026-2028 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды және Гуанчжоу қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығын құру туралы ноталармен алмасу рәсімі өтті.