Алматыда «Орталық Азия – Қытай» форматындағы сыртқы істер министрлерінің 6-шы кездесуі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Оған Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Қытай Сыртқы істер министрі Ван И, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев, Тәжікстан Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов және Түрікменстан өкілі қатысты.
Кездесуде саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, көліктік өзара байланысты дамытуға, сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлермен бірлескен күреске, сондай-ақ өңірдегі орнықты даму мен экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне басты назар аударылды. Орталық Азияның Қытаймен өзара сыйластық пен теңдік қағидаттарында көпжақты өзара іс-қимылының архитектурасын жақсарту бойынша ұсыныстар талқыланды.
Тараптар қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге теңдестірілген көзқарастардың қажеттілігін атап өтіп, өзара тиімді даму жолындағы қадамдарды келісті.
М.Нұртілеу өз сөзінде өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін негізгі салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту қажеттігіне назар аудара отырып, «Орталық Азия – Қытай» көпжақты форматын нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
«Форматымыздың «Орталық Азия +» тетіктері арасында флагманға айналуы, ал көшбасшылардың алдағы кездесуі мәңгілік достық пен өркендеудің жаңа кезеңін ашуы үшін барлық жағдай жасалуда» Мұрат Нұртілеу
Отырысқа қатысушылар жаһандық сын-қатерлер жағдайында сындарлы диалогты жалғастырудың, байланыстарды дамытудың және басым бағыттар бойынша күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығына назар аударып, осы форматтағы тұрақты кездесулерге дайын екенін білдірді.
Іс-шара қорытындысы бойынша сыртқы істер министрлері Ақпараттық коммюникені қабылдады, онда «Орталық Азия – Қытай» форматы шеңберінде тату көршілік, орнықты даму және көпжақты өзара іс-қимылды тереңдету қағидаттарына ортақ міндеттеме бекітілді.