Қазақстан БҰҰ-мен алдын алу дипломатиясы бағытындағы ынтымақтастықты нығайтып келеді

1518
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға Қақтығыс аймақтарынан оралған адамдарды қылмыстық қудалау, оңалту және қоғамға қайта қосу мәселелері жөніндегі өңіраралық диалогқа қатысу үшін келген БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі – Орталық Азия үшін БҰҰ-ның превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадзені қабылдады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен аталған Орталық арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақты даму мәселелерін, сондай-ақ бірлескен іс-шараларға дайындық барысын талқылады. Министр Орталық Азия елдері арасындағы диалогты нығайтудағы БҰҰ орталығының маңызды рөлін атап өтіп, Қазақстанның өңірлік күн тәртібін одан әрі сапалы кеңейтуге бейілді екенін жеткізді.

М.Нұртілеу Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында БҰҰ-ның жаһандық мәселелердегі баламасыз және үйлестіруші рөліне бірнеше рет ерекше мән бергенін атап өтті.

Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығын атап өту аясында Министр қазіргі әлемдегі осы әмбебап алаңның рөлін қайта пайымдауға бағытталған «UN-80» жаһандық бастамасын Қазақстанның қолдайтынын растады. Қазақстан мультилатерализмге жаңаша көзқарасты ілгерілетуге, БҰҰ-мен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуде өңірлік тәсілді алға тартуға белсенді атсалысуда.

Осыған байланысты тараптар Орталық Азия үшін БҰҰ-ның превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы және ү.ж. 4 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен қолдау тапқан Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы арасында тығыз ынтымақтастық орнатуға уағдаласты.

К.Имнадзе Орталық Азия үшін БҰҰ-ның превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының жұмысына дәйекті қолдау көрсеткені және өңірішілік диалогты дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстанға алғысын білдірді.

Кездесу соңында тараптар БҰҰ мандаты аясындағы ортақ мақсаттарды одан әрі ілгерілетуге дайын екенін растап, бір-біріне жемісті жұмыс тіледі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -