Хэбэй өлкесіндегі Чжанцзякоу қаласына қарасты Чжанбэй уезінде Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығына орай кеңестік және моңғол жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан атынан бұл шараға Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев пен қорғаныс мәселелері жөніндегі атташесі генерал-лейтенант Марат Хусаинов қатысты.
Салтанатты рәсімге Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің дипломатиялық миссия басшылары, сондай-ақ ҚХР Сыртқы істер министрлігінің, ШЫҰ Хатшылығының, Чжанцзякоу қаласы мен Чжанбэй уезінің халық үкіметтерінің басшылығы қатысты.
Шараға қатысушылар бір минут үнсіздікпен қаза тапқандардың рухына тағзым етіп, 1945 жылғы тамызда генерал И.А. Плиев басқарған кеңес-моңғол атты-механикаландырылған тобының жауынгерлері жерленген мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қойды.
Жауынгерлер қаза тапқан жерге ескерткіш алғаш рет 1945 жылы орнатылып, 1957 жылы мемориал ашылды. Обелискке 53 кеңестік және 13 моңғол әскери қызметшінің есімі жазылған.
Бұл іс-шара Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің маңызын еске салатын және халықтардың ортақ тарихи жадысына деген құрметтің символына айналды.