Қазақстан мен Вьетнам СІМ басшылары ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын белгіледі

3784
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Вьетнам Социалистік Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Буй Тхань Шонмен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-вьетнамдық ынтымақтастығының жай-күйі мен даму келешегін талқылады.

М.Нұртілеу Астананың Ханойды жақын достық байланыстар біріктіретін Оңтүстік Шығыс Азиядағы басты серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті.

«Біз Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарына ерекше мән береміз. Қазақстан мен Вьетнам арасындағы Стратегиялық серіктестік орнату туралы тарихи бірлескен мәлімдеменің қабылдануы екіжақты қатынастарымыздағы жаңа әрі маңызды кезеңді айқындайды» Мұрат Нұртілеу

Ол биік деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарға бейілділігін растап, алдағы жылдары екі ел арасындағы тауар айналымын 2 млрд АҚШ долларына дейін арттыру жөніндегі өршіл мақсаттың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты екіжақты ынтымақтастықты дамытуды жан-жақты үйлестіруге бағытталатын қазақ-вьетнамдық Стратегиялық кеңесін құру ұсынылды.

Вьетнам СІМ басшысы стратегиялық серіктестікті достық пен өзара сенім рухында нығайтуға дайындығын растап, қазақ тарапын Ханойға іскерлік миссиямен келуге шақырды.

Министрлер өзекті халықаралық күн тәртібін талқылап, Қазақстан мен Вьетнамның көптеген өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша ұқсас ұстанымда екенін, сондай-ақ БҰҰ, АӨСШК және ЕАЭО сияқты халықаралық ұйымдар аясында табысты ынтымақтастық орнатқанын атап өтті.

Кездесу соңында тараптар өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша байланыстарды қолдауға және ынтымақтастықты ілгерілетуге уағдаласты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -