Орталық Азияға бірыңғай туристік кеңістік не үшін қажет?
Қазақстан әлемдік туристік картадағы Орталық Азияның орнын күшейтіп, өңірлік туризмді ілгерілету бойынша мемлекетаралық кеңсе құруды ұсынды. Бұл бәсекеге қабілеттілікті арттырып, ауқымды трансшекаралық туристік өнімдер қалыптастыруға және туристер ағынын ұлғайтуға жол ашады, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы тиімді мемлекетаралық әріптестіктің қажетті қадамдары жайлы құжат дайындады. Онда ресурстарды біріктірумен қатар, ортақ туристік кеңістік құру ұсынылған. Бұл саяхатшыларға бір сапарда бірнеше елдің мәдениетін, тарихын және табиғатын тануға мүмкіндік береді.
"Біз бәсекелесе отырып, ынтымақтасуымыз керек. Алыс шетелден келетін әрбір екінші турист, кем дегенде, бір сапарда екі мемлекетті көргісі келеді. Орталық Азия өңіріне бағытталған ең танымал турлар FiveStans деп аталады. Бұл маршрут біздің негізгі туристік өнімімізге айналуы керек" деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы Асель Кожаковамен подкаст барысында
Орталық Азиядағы бірыңғай туристік кеңістік аясында бірлескен бағыттар құру, көлік байланыстарын дамыту, қызмет көрсету сапасының ортақ стандарттарын әзірлеу, шетелдік қонақтар үшін визалық және шекаралық рәсімдерді жеңілдету мүмкіндіктері ұсынылып отыр.
Өңір елдерінің аумағынан өтетін Ұлы Жібек жолы бойымен туристік бағытты қайта жандандыру - флагмандық жобаларының бірі айналуы мүмкін. Өткен жылы осы бағытта алғашқы қадамдар жасалды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Jibek joly» халықаралық теміржол туры - ынтымақтастықтың сәтті үлгісі. Трансшекаралық бағыт тек өңір елдерінен ғана емес, шет елдерден де саяхатшылардың назарын аударды.
Солтүстік Еуропадағы Visit Scandinavia, Латын Америкасындағы Mundo Maya, Балқан түбегіндегі Via Dinarica тәрізді басқа өңірлік бастамалар туристер үшін әкімшілік шекаралар емес, әсер мен тәжірибе маңызды екенін дәлелдейді.