Қазақстан ТМД-ға мүше мемлекеттердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауымының XVIII форумына қатысуда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Тәжікстан астанасы Душанбеде ТМД-ға мүше мемлекеттердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің XVIII форумының ашылу салтанаты өтті.
Бұл жыл сайынғы іс-шара ТМД кеңістігіндегі ең ірі гуманитарлық алаңдардың бірі болып саналады. Сонымен қатар аталмыш форум мәдениет, білім беру, ғылым, архив ісі, ақпарат және бұқаралық коммуникациялар, спорт, туризм және жастармен жұмыс істеу салаларындағы бірлескен жұмысты ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады. Форумның биылғы тақырыбы – «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы: гуманитарлық ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері».
Қазақстаннан форумға Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов қатысуда. Ол Қазақстанның ТМД-дағы белсенді қатысушы мемлекеттердің бірі екенін атап өтіп, Достастық органдарының жұмысына нақты және тиімді ұсыныстар енгізуге мүдделі екенін жеткізді.
«Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына ерекше мән берілді. Бұл мерейтой бізді ортақ тарихымызбен ғана емес, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікпен де біріктіреді. Біздің мақсат – майдандағы ерен ерлік пен халықтардың бірлігі туралы шындықты жас буынға жеткізу» Евгений Кочетов
Форумның салтанатты ашылуында мемлекетаралық марапаттар табысталды. Қазақстаннан «Достастық жұлдызы» сыйлығын Қазақстан қолөнершілер одағының басшысы Айжан Бекқұлова иеленсе, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының режиссері Аридаш Оспанбаева «Достастық дебюттері» сыйлығының лауреаты атанды.
Екі күндік форум аясында панельдік сессиялар мен пікірталас алаңдары ұйымдастырылады.
Іс-шара аясынды түрлі маңызды тақырыптар талқыланбақ. Оның ішінде ТМД халықтарының Ұлы Жеңіске қосқан үлесі, мәдениеттегі дәстүр мен инновация, ғылым мен білімдегі заманауи үрдістер, сондай-ақ ТМД кеңістігінде бірыңғай ақпараттық орта қалыптастыруда БАҚ-тың рөлі секілді мәселелер бар.
Форум делегаттарына арналған мәдени бағдарлама жоспарланған.
ТМД-ға мүше мемлекеттердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауымы форумы 2006 жылдан бері ТМД елдері астаналарында өткізіліп келеді.
Форум жұмысын ТМД-ға мүше мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесі үйлестіреді.