ҚР Қаржы министрі, Қазақстанның атынан Еуропалық қайта құру және даму банкінде (ЕҚДБ) басқарушы болып отырған Мәди Такиев бастаған еліміздің делегациясы 13-15 мамыр күндері Лондонда өткен ЕҚДБ Басқарушылар кеңесінің жыл сайынғы отырысы мен бизнес-форумына қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Дәстүрге айналған жиында Басқарушылар кеңесі ЕҚДБ-ның 2024 жылғы қызметіне байланысты, сондай-ақ Африка елдеріне «көмек алушы мемлекеттер» мәртебесін беру бойынша жылдық есептерді мақұлдап бекітті. Сонымен бірге ЕҚДБ-ның 2026-2030 жылдарға арналған қаржыландыру бағдарламасы бойынша стратегиялық құжаты қабылданды.
Бұған қоса Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Такиев бірқатар екіжақты кездесу өткізді.
Атап айтқанда, ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассомен болған кездесуде тараптар аталған банктің Қазақстандағы қызметінің перспективалары мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың басымдыққа ие бағыттарын талқылады.
Лондон қор биржасы басшысының орынбасары Чарли Уокермен келіссөздер барысында еурооблигациялар шығару шеңберінде қаржылық ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды. Standart Chartered UK банкінің бас атқарушы директоры Саиф Маликпен кездесуде қаржылық әріптестікті, оның ішінде банктің еліміздегі жұмысын дамыту жолдары пысықталды. Бұдан бөлек Мысырдың (Египеттің) жоспарлау, экономика және халықаралық ынтымақтастық министрі Рания Әл-Машатпен келіссөздер кезінде климаттық бастамаларды қаржыландыру тетіктері және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту тетіктері қаралды.
Кездесудің қорытындысы бойынша екі жақ бірлескен жобаларды іске асыруға және өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екендерін жеткізді.