ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің спорт министрлері кеңесі аясында Қытай Халық Республикасының дене шынықтыру және спорт істері жөніндегі Бас мемлекеттік басқармасының жетекшісі Гао Чжиданмен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ербол Мырзабосынов Қытайдың халықаралық спорт аренасындағы жетістіктерін жоғары бағалап, екі елдің салалық ведомстволары арасындағы әріптестікті тереңдету спорт саласының дамуына серпін беретініне сенім білдірді.
Кездесуде спорт саласында 1998 жылдан қолданылып келе жатқан келісімді жаңартатын жаңа ынтымақтастық жобасына ерекше назар аударылды. Құжатқа 2025 жылдың соңына дейін қол қою жоспарланып отыр.
«Ең алдымен, Қытай Халық Республикасының спорт саласындағы жетістіктеріне деген ерекше құрметімді білдіргім келеді. Қытай – спортшылар дайындау, спорт ғылымына инновациялық тәсілдерді енгізу және саламатты өмір салтын насихаттау бойынша әлемде көшбасшы елдердің бірі. Елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту спорт саласының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін» Ербол Мырзабосынов
Тараптар бірлескен оқу-жаттығу жиындары мен спортшылар арасында тәжірибе алмасуға қызығушылық білдірді.
«Біз Қазақстанның спорттағы жетістіктерін, әсіресе ауыр атлетика, дзюдо, бокс және күрес түрлеріндегі нәтижелерін зор ықыласпен бақылап отырамыз. Қазақстандық спортшылардың деңгейі, техникасы мен жарысқа дайындығы қарқынды өсіп келе жатқаны байқалады. Қазақстан халықаралық аренада өз орнын айқындап, бірқатар олимпиадалық спорт түрлерінде көшбасшы елге айналып келеді. Біз екіжақты әріптестікті кеңейтуге шын жүректен мүдделіміз, спортшыларымыздың кәсіби өсуіне жағдай жасау мақсатында бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз» Гао Чжидань
Кездесу соңында Ербол Мырзабосынов Қытай спортшыларын Алматыдағы «Алматы» олимпиадаға дайындық орталығында өтетін оқу-жаттығу жиындарына қатысуға шақырды. Осы арқылы екі елдің спортшылары тәжірибе алмасып, дайындықтың тактикалық әрі техникалық қыр-сырын бірлесе пысықтайды.