Израильдің беделді политехникалық университеті Қазақстанның университеттерімен ынтымақтастық орнатуға дайын, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанның Израильдегі Елшісі Дәулет Ембердиев Израильдегі ең ірі және беделді политехникалық жоғары оқу орны – «Технион» – Израиль технологиялық институтына ресми сапармен барды.
Университет президенті Ури Сиванмен кездесуде «Технион» мен Қазақстанның ғылыми-білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты дамыту келешегі талқыланды. Атап айтқанда, инженерия мен дәл ғылымдар, сондай-ақ зерттеу, инновация және технология салаларында ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімге қол жеткізілді.
У. Сиван Қазақстан мен Израиль арасында бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, бұл үдеріске докторанттар мен магистранттарды тартудың мақсатқа сай екенін жеткізді.
Өз кезегінде Елші бұл саладағы ынтымақтастықты тереңдету екі ел арасындағы қарым-қатынастарды едәуір нығайтып, олардың жан-жақты дамуына үлес қосатынын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты. Осы мақсатта Қазақстандық делегация Израильге жіберіліп, тәжірибе алмасу және халықаралық іс-шараларға қатысу жоспарланып отыр.
«Технион» – бұл ғылыми зерттеулер, инновациялар және технологиялар саласындағы әлемдегі жетекші академиялық орталықтардың бірі. Университет Израильдің жоғары технологиялық салаларын дамытуда және жаһандық экономикада маңызды рөл атқарады. «Технион» жиі «Израильдің MIT-і» деп аталады және өзінің озық ғылыми-зерттеу қызметі мен академиялық жетістіктерімен танымал. Бұл университет Нобель сыйлығының лауреаттары болып табылатын оқытушылардың үлесі жоғары үздік он жоғары оқу орнының қатарына кіреді. Сонымен қатар Технионның төрт түлегі де осы беделді марапатқа ие болған.
Университет түлектері биотехнология, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, робототехника және қоршаған ортаны инженерлік тұрғыда қорғау сияқты озық салаларда көшбасшы атанып жүр.