Астана мен Тегеран мәдени ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық білдіруде, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанның Ирандағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасы Мәдениет және исламдық бағдар министрі Сейд Аббас Салехи Шариатимен кездесті.
Кездесуде тараптар екі елдің мәдени байланысының қазіргі ахуалы, өзара мәдени ынтымақтастықты нығайту, бірлескен мәдени іс-шаралар ұйымдастыру, мәдениет саласында көпжақты байланысты одан әрі жандандыру, мәдениет пен кино салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Елші Қазақстан мен Иранның бірнеше мыңжылдық ортақ тарихы мен мәдениетіне назар аударып, мемлекеттердің қарым-қатынасында мәдени ынтымақтастық ерекше маңызды рөл ойнайтынын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, 2025 жылғы маусым айында Астанада өтетін Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық бірлескен комиссияның кезекті 20-шы отырысы жұмысына ИИР Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі белсене қатысады деп сенім білдірді.
Өз кезегінде, С.А. Салехи Шариати достас әрі көрші Қазақстанмен өзара мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қызығушылық білдіріп, мәдениет саласындағы өзара қарым-қатынастарды жаңа сатыға көтерудің маңыздылығын атап өтті.
Ол екі елдің мәдени байланысы деңгейіне оң баға беріп, тараптар арасында 2025-2028 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасына қол қою мәдениет саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға серпін береді деп күтілетінін жеткізді.
Ирандық министр екі елдің мәдени қарым-қатынасы екіжақты байланыспен шектелмейтінін айтып, соңғы жылдары мәдениет саласында іс-қимылдың қанат жайып отырғанына ризашылық білдірді және көпжақты ынтымақтастықтың бір үлгісі ретінде ЮНЕСКО аясындағы тығыз серіктестігіне назар аударды.