Халықаралық метрология қауымдастығы Метрлік конвенцияның 150-жылдығында Қазақстанға алғысын білдірді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов Дүниежүзілік метрология күні мен Метрлік конвенцияның 150 жылдығына арналған халықаралық симпозиумның ашылуында сөз сөйледі.
Айтулы датаға орай, Халықаралық өлшемдер мен салмақтар бюросы (BIPM) және Заңды метрология жөніндегі халықаралық ұйым (OIML) ЮНЕСКО-ның Париждегі бас пәтерінде «Метрлік конвенцияның 150 жылдығы: ғылым, инновация және жаһандық маңыз» атты ауқымды симпозиум өткізді. Оған халықаралық ұйымдар, Нобель сыйлығының лауреаттарын қоса алғанда беделді ғалымдар, сарапшылар мен студенттерден құралған 1000-нан астам қатысушы жиналды. Шарада «BIPM» мен «OIML» жетекшілері және басқа да делегаттар Қазақстанға Метрология күнін БҰҰ жүйесіндегі халықаралық күн ретінде жариялау бастамасы үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Өз сөзінде Елші А. Абдрахманов метрологияның орнықты даму, ғылыми прогресс, инновация және халықаралық сауда үшін маңызын атап өтті.
Осы орайда Елші Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің симпозиум қатысушыларына ресми құттықтау хатын оқып берді.
Министр өз жолдауында Метрлік конвенцияның жаһандық өлшем жүйесінің негізі ретіндегі тарихи маңызын, бұл саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың қажеттілігін және Қазақстанның ұлттық әрі өңірлік метрологиялық инфрақұрылымды дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
2024 жылы OIML Дүниежүзілік метрология күнін жариялаудағы тығыз ынтымақтастығы үшін Қазақстан Үкіметіне алғыс хат жолдады, мазмұнында аталған қадам «жаһандық деңгейдегі метрологияның беделін нығайта отырып, бүкіл әлемнің метрологтары үшін маңызды оиқға болды» деп айтылған. Сондай-ақ ол 2023-2024 жж. Ұлттық метрологиялық институттардың Еуро-Азиялық ынтымақтастығында және 2021 жылдан бастап Дамып келе жатқан метрологиялық жүйелері бар елдер бойынша жұмыс тобында Қазақстанның табысты төрағалығы ерекше аталып өтті.