GITEX Europe 2025: Қазақ стартаптары жаһандық сахнада өздерін танытты

2860
Фотосурет: Болат Сұлтанқұловтың парақшасынан алынды

ARLAN BIOTECH Берлинде өткен Supernova Challenge байқауында ІІ орын иеленді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Astana Hub резиденті – ARLAN BIOTECH Еуропадағы ең ірі технологиялық көрмелердің бірі – GITEX Europe 2025 аясында өткен беделді халықаралық Supernova Challenge байқауында екінші орын алып, 30 000 еуро көлемінде сыйақыға ие болды. Іс-шара 100-ден астам елден келген 40 мыңнан астам қатысушының басын қосып, инновациялар, венчурлік инвестициялар және технологиялық кәсіпкерлік саласындағы озық шешімдерді таныстыру алаңына айналды.

Supernova All-Stars жартылай финалына әлемнің түкпір-түкпірінен 100 стартап қатысты. Олардың қатарында ARLAN BIOTECH, Beksar және Qala AI Ltd. атты қазақстандық үш жоба болды. Нәтижесінде, финалға 10 команда өтті. Байқауды венчурлік инвесторлар, сала сарапшылары мен корпоративтік қор өкілдерінен құралған халықаралық қазылар алқасы бағалады. Олар стартапттардың технологиялық жаңашылдығы, нарықтық әлеуеті, бизнес-модельдің тұрақтылығы, өнімнің дайындық деңгейі және команданың біліктілігіне баса мән берді.

ARLAN BIOTECH генеративті жасанды интеллектке негізделген платформасын таныстырып, дәрі-дәрмек жасауды жеделдететін шешімін ұсынды. Платформа санаулы минут ішінде нақты бір ақуыз нысандарына сай келетін антиденелер тізбегін қалыптастырады. Бұл фармкомпанияларға зерттеу мерзімін алты айға қысқартып, миллиондаған доллар үнемдеуге септігін тигізеді. Технология компанияның жеке ЖИ-моделі мен синтетикалық биомедициналық деректеріне сүйенеді, бұл ондаған шешімді қатар жасауға мүмкіндік береді. Стартап негізін биомедициналық инженерия бойынша PhD дәрежесі бар ғалым, биотехнологиялық кәсіпкерлік саласында 10 жылдан астам тәжірибесі бар бағдарламашы және алты жыл бойы медициналық ЖИ-шешімдерін әзірлеп жүрген ЖИ маманы бірлесіп қалаған.

«Жүлделі орын алған үш жоба да deeptech-стартаптар екенін атап өткен жөн. Олардың негізін PhD дәрежесі бар ғалымдар құраған. Бұл технологиялық ландшафттың ғылымға негізделген шешімдерге қарай бейімделгенін айшықтайды. Мен өңіріміздегі, әсіресе, Қазақстандағы deeptech-кәсіпкерлерге сенемін. Қай жерде болсын, Орталық Азия – стартап-экожүйенің келесі даму нүктесі деген пікірді жиі естимін. Бұл ретте, бізге халықаралық сахнада Қазақстанды таныстыруға мүмкіндік берген Astana Hub пен ҚР Цифрлық даму министрлігіне алғыс айтамын» Болат Сұлтанқұлов, ARLAN BIOTECH негізін тең қалаушы

Еске салсақ, GITEX Europe 2025 көрмесі 21–23 мамыр аралығында Берлинде өтті. Мұнда Astana Hub пен IT Park Uzbekistan-ның Central Asian Innovation Hubs біріккен альянсы Қазақстан мен Өзбекстаннан 17 стартапты таныстырды. Форумның алғашқы күнінде GITEX Central Asia & Caucasus x Ai Everything Kazakhstan іс-шарасы 2026 жылғы 2–4 маусым аралығында Астанада алғаш рет өтетіні және жыл сайын ұйымдастырылатыны жарияланды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -