Астанада Қазақстан мен Руанданың ынтымақтастық перспективалары талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу елімізге алғашқы рет келген Руанданың Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Оливье Ндухунгирехемен кездесу өткізді. Кездесу Руанда Президенті Поль Кагаменің ү.ж. 28-29 мамырға жоспарланған Қазақстанға ресми сапары аясында өтті.
Министрлер саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды қамтитын кең ауқымды мәселелерді талқылады.
«Біз Руанданы еліміздің Африкадағы досы және маңызды серіктесі ретінде қарастырамыз. Бірлескен күш-жігеріміз Президент П.Кагаме сапарының сәтті өтуін қамтамасыз ететініне сенімдімін, бұл Қазақстан-Руанда қатынастарындағы жаңа тараудың басталуына жол ашады» Мұрат Нұртілеу
Сауда, логистика, қорғаныс өнеркәсібі және цифрландыру сияқты басым салалардағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Осы ретте тараптар шарттық-құқықтық базаны жетілдіру және түрлі деңгейлерде сапарлар алмасу тәжірибесін нығайту бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады. Транскаспий халықаралық көлік бағдарының жаһандық нарықтардың өзара байланыстығындағы рөлінің артуын ескере отырып, екі ел мен олардың аймақтары арасында транзит және логистика маршруттарын дамытудың маңыздылығы аталып өтті.
Қазақ тарапы бизнес байланыстарын нығайту және сауда палаталары арасындағы тікелей ынтымақтастықты қолдау мақсатында өзара сауда делегацияларын ұйымдастыруды ұсынды.
Қазақстанның «e-Gov» жүйесіндегі жетістіктері мен «Smart Rwanda Initiative» бағдарламасын ескере отырып, тараптар IT секторында, соның ішінде Орталық Азиядағы ең ірі технопарк – «Astana Hub»-тың негізінде серіктестікті дамыту перспективаларын қарастырды.
Бұған қоса сұхбаттастар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, сыртқы саяси ведомстволар арасындағы белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.
Кездесу қорытындысы бойынша серіктестік қатынастарды нығайтудың маңыздылығы аталып, қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайындық расталды.