Қазақстанның репатрианттарды қайтару тәжірибесі БҰҰ алаңында таныстырылды

2046
Фотосурет: Gov

Венада Қазақстанның қарулы қақтығыс аймақтарындағы азаматтарды оңалту және реинтеграциялау тәжірибесі таныстырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі БҰҰ Комиссиясының (CCPCJ) 34-ші сессиясы аясында қарулы қақтығыс аймақтарынан азаматтарды қайтару, сондай-ақ оларды оңалту және қоғамға реинтеграциялау мәселелеріне арналған іс-шара ұйымдастырылды.

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның қолдауымен БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (UNODC) ұйымдастырған іс-шара Орталық Азия елдерінің азаматтарды қайтару бойынша гуманитарлық операцияларды жүргізудегі, сондай-ақ оралмандарды қолдау мен сүйемелдеудің тиімді бағдарламаларын әзірлеудегі практикалық тәжірибесін көрсетуге мүмкіндік берді.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Станислав Василенко қатысушыларға арнаған алғысөзінде көпжақты ынтымақтастық пен осы саладағы тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстандық «AQNIET» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының өкілі Ернар Маусымбеков оралмандармен жұмыс жасаудың нақты шараларына тоқталып, оралмандар арасында жүргізілген тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерімен де жан-жақты бөлісті.

«Жусан» гуманитарлық операциясы кезеңдерінің бірі аясында туған жеріне оралған қазақстандық оралмандардың бірінің жеке тұрғыда қатысып, сөз сөйлеуі іс-шараға ерекшелік берді. Ол қақтығыс аймағында болу, Қазақстанға оралу процесі мен оралмандарды оңалту және әлеуметтік интеграциялау жолында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауы айшықталған өзінің жеке оқиғасымен бөлісті.

Іс-шара тақырыбы мен мазмұны қатысушылардың айрықша қызығушылығын тудырып, тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мұндай бастамалардың маңыздылығы жоғары екендігі айрықша аталып өтті.

Сонымен қатар Қазақстанның тәжірибесі ЕҚЫҰ-ның Трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі үйлестірушісі Елена Купчинамен, сондай-ақ Аустрия Сыртқы істер министрлігінде ұйымдастырылған дипломатиялық және құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесулер барысында да талқыланды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -