Премьер-министр Олжас Бектенов пен FAO-ның бас директоры Цюй Дунъю азық-түлік қауіпсіздігіндегі бірлескен жобаларды талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов Астана халықаралық форумына қатысу үшін Қазақстанға келген БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюймен кездесті.
Кездесуде 2024 жылы жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысы қаралды. Сондай-ақ Қазақстан – FAO серіктестік бағдарламасы аясындағы өзекті мәселелер мен жұмыс жоспарлары талқыланды.
Онда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы ынтымақтастықты тереңдету және қосылған құны жоғары агроөнімдері экспортын ұлғайту перспективаларына назар аударылды.
ҚР Премьер-министрі ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың негізгі салаларының бірі екенін баса айтты. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемнің 80 еліне экспорттайды және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексінде 113 елдің ішінде 32-ші орында.
«Саланы дамыту жұмыстары өз нәтижесін беруде: өткен жылы біз ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 13,7%-ға өскенін атап өттік. Қазақстан таяу жылдарда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді белсенді түрде дамытып, қосылған құны жоғары өнім үлесін 70%-ға жеткізуге ниетті. Жаңа өңдеу кәсіпорындарын салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту жоспарланып отыр. Алдағы үш жылда біз агроазық-түлік саласында жалпы құны $4,8 млрд-тан асатын 600-ден астам инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз» Олжас Бектенов
Қазақстан озық агротехнологиялармен алмасуға, сондай-ақ өндіріске ғылыми көзқарастарды дамытуға мүдделі.
FAO-ның бас директоры Қазақстан әлеуетін жоғары бағалап, өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге сенім білдірді.
«Қазақстан, Еуразияның қақ ортасында орналасқан, орасан зор жер ресурстары мен бай агробиоалуантүрлілікке ие, стратегиялық орналасуымен тұрақты ауыл шаруашылығында әлемдік көшбасшыға айналуы үшін зор әлеуетке ие. Әлемде жер көлемі жағынан тоғызыншы орындағы ірі ел ретінде Қазақстанның агроазық-түлік жүйелерін орнықты дамудың, экономикалық өсудің және экологиялық жауапкершіліктің қозғаушы күшіне айналдыруда әлеуеті мен амбициясы жетерлік. FAO Қазақстанмен берік серіктестігін мақтан тұтады және елімізді азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізуде, инновацияларды енгізуде және болашақ ұрпақ үшін орнықты шешімдерді ілгерілетуде одан әрі қолдау көрсетуге ниетті» Цюй Дунъюй
Ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі – аграрлық секторда цифрлық шешімдерді енгізу. Қазақстан шегірткелерінің таралуын бақылау және оның алдын алу мақсатында жасанды интеллект негізінде геоақпараттық жүйені және FitoSpace бірыңғай цифрлық платформасын құруға бастамашы болды. Аталған қызмет мониторингінің дәлдігін жақсартуға, пестицидтер пайдалануды және экологиялық қауіп-қатерлерді азайтуға мүмкіндік береді, бұл ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға және фитосанитариялық бақылауды күшейтуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, ветеринарлық жүйені және биоқауіпсіздікті одан әрі дамыту қажеттілігі атап өтілді. Су ресурстарын тұрақты басқару бойынша өзара іс-қимылды нығайту перспективалары талқыланды. Қазақстан Су ресурстарын басқару бойынша Қазақстан мен FAO-ның жеке серіктестік бағдарламасын құру мүмкіндіктерін зерттеу жұмысын бастады.
Сондай-ақ тараптар жердің тозуы және шөлейттенуімен күрес бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан құрғақшылық пен шаңды дауылдан зардап шеккен елдің жеті өңірі үшін өзекті бастамаларды жүзеге асыру үшін FAO-мен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі.
Жалпы, БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Қазақстандағы қызметі елдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласындағы ұлттық стратегиялық құжаттарды әзірлеуге жәрдемдесуді қамтиды. Қазіргі уақытта Қазақстандағы FAO жобаларының қоржыны 55-тен астам бастаманы, оның ішінде 33 іске асырылған жобаны, сондай-ақ 22 жүзеге асып жатқан жобаны қамтиды.