Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Швейцария Вице-президенті, Экономикалық қатынастар, білім және зерттеулер жөніндегі федералдық департаментінің басшысы Ги Пармеланмен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Келіссөздер барысында тараптар 2025 жылғы 28 қарашада Астана қаласында Г.Пармеланның Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Премьер-министрі Олжас Бектеновпен өткізген кездесулерінің нәтижелері бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығын растады.
Саяси және сауда-экономикалық салалардағы, оның ішінде өнеркәсіп, көлік және логистика, цифрландыру, фармацевтика және қаржы бағыттарындағы өзара іс-қимылды жандандыру мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.
Сұхбаттастар сондай-ақ Астана мен Берн арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылап, саяси диалогты одан әрі нығайтуға екіжақты мүдделілікті растады.
Е.Көшербаев Г.Пармеланның таяуда Қазақстанға жасаған сапары екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа жаңа серпін бергенін атап өтті.
«Біз қарқынды әрі конструктивті диалог орнаттық. Осы оң үдерісті сақтап, өзара алмасуларды жандандыруды және барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты тереңдетуді жалғастыру маңызды» Ермек Көшербаев

Өз кезегінде Швейцария Вице-президенті Қазақстан басшылығымен өткен табысты келіссөздер мен Астанада өткен Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесінің 5-ші отырысына өкілді бизнес-делегацияның қатысуы өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге деген ортақ мүддені айқындағанын жеткізді.