Қазақстан мен Оман Иран арқылы көлік дәлізін құруды қарастыруда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Астанада ҚР Премьер-министрінің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келген Оман Сұлтандығының қаржы министрі Сұлтан бен Сәлім Әл Хабсимен кездесуі өтті.
Тараптар соңғы жылдары Қазақстан-Оман қатынастарының белсенді түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Серік Жұманғарин Қазақстан Оман Сұлтандығын Таяу Шығыстағы маңызды және сенімді әріптес ретінде қарастыратынын ерекше атап өтті.
Оман қаржы министрі өз кезегінде Оман 1992 жылы Каспий құбыр консорциумын (КҚК) құру жөніндегі жобаға қатысқан кезден бастап тәуелсіз Қазақстан экономикасындағы алғашқы инвестордың бірі болғанын еске алды. Ол өз елінің инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін мақұлдап, сондай-ақ Қазақстаннан инвестиция қабылдауға дайын екенін білдірді.
Келіссөзде көлік-логистикалық өзара іс-қимыл мәселесіне ерекше назар аударылды. Оманның стратегиялық географиялық жағдайын, оның Таяу Шығыстағы ірі логистикалық хабқа айналу жоспарын ескере отырып, қазақстандық тарап Иран аумағы арқылы «Қазақстан – Оман» жаңа халықаралық көлік дәлізін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бастаманы егжей-тегжейлі пысықтау мақсатында Қазақстан, Оман және Иран сарапшыларының қатысуымен үш жақты жұмыс тобы құрылуы тиіс.
Бұдан басқа, транзиттік тасымал көлемін ұлғайту және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің инфрақұрылымын дамыту бойынша бірлескен жұмыс перспективасы талқыланды.
Бүгінгі таңда Оманның Қазақстан экономикасына салған инвестициясының жиынтық көлемі $253 млн. Бұл ретте екі тарап екіжақты әріптестіктің болашағы бұл көрсеткіштен едәуір асып түсетінін атап өтті.
«Оман инвестициялық банкінің $500 млн көлемінде қаржы салатын бірлескен инвестициялық қор құру жөніндегі бастамасы біздің зор қызығушылығымызды туғызды. Қазақстан Үкіметі салықтық преференцияларға, индустриялық аймақтарға қол жеткізумен инфрақұрылымдық қолдау көрсете отырып, жаңа инвесторларды тарту үшін қажетті жағдай жасауға дайын» Серік Жұманғарин
Қазақстандық тарап та энергетика, тау-кен металлургия өнеркәсібі, АӨК, фармацевтика мен сауда сияқты перспективалық салаларда ынтымақтастықты арттыруға мүдделі. Оман өз тарапынан логистикалық әріптестікке деген жоғары сенімін атап көрсетіп, Сұлтандықтың инфрақұрылымы ірі жүк қабылдауға және ауыстырып тиеуге толық дайын екенін мәлімдеді. Қазақстандық астықты жеткізуге мұқият назар аударылды: Оман сұлтандыққа астық жеткізуге қызығушылық білдіріп, Таяу Шығыстағы астық экспортын тарату хабы болуға екенін жеткізді.
Кездесудің түйіні ретінде тараптар бастамаларды сараптамалық деңгейде талқылауға уағдаласты. Барлық сөз қозғалған салаларда шын мәніндегі ынтымақтастыққа өзара дайын екендіктерін жеткізді.