Қазақстан СІМ-де Еуропадағы академиялық білім беру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астана халықаралық форумына қатысу мақсатында Қазақстанға келген Еуропа колледжінің ректоры Федерика Могериниді қабылдады.
Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен Еуропа арасындағы өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын, соның ішінде білім беру және академиялық ұтқырлық салаларындағы ынтымақтастықты жан-жақты талқылап, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Министр Ф.Могеринидің Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы жан-жақты серіктестікті нығайтуға қосқан елеулі үлесін атап өтіп, оның ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі ретінде (2014-2019 жж.) елімізге жасаған бірқатар жемісті сапарларын еске салды.
ҚР СІМ басшысы «Erasmus+» студенттік алмасу бағдарламасын кеңейтуге мүдделілік білдіріп, Қазақстанда академиялық хаб құру жөніндегі жоспарларымен бөлісті.
Өз кезегінде ректор Қазақстан мемлекеттік органдары өкілдерінің Еуропа колледжінің курстары мен тренингтеріне қатысуы жөнінде ақпарат беріп, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын одан әрі жалғастыруға дайын екенін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастық және Қазақстан мен Еуропалық одақ елдері арасындағы институционалдық қатынастарды нығайту мәселелері бойынша тұрақты байланыстарды қолдап отыруға уағдаласты.