Қазақстан мен Германия өңіраралық ынтымақтастықты дамытуда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Германия Федералдық үкіметіндегі Саар федералдық жерінің уәкілетті өкілі, мемлекеттік хатшы Торстен Бишофф бастаған Саар аймағының іскерлік топтарының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу Германия Бундесратының Президенті Анке Релингердің ресми сапары аясында өтті.
Кездесуге «Becker Mining Systems», «SHS Group», «Saarstahl», «Dillinger Hütte», «Klaus Faber Kabel», «Saarländische Wasserstoffagentur GmbH» сияқты Саардың жетекші өнеркәсіптік және технологиялық компанияларының өкілдері, сондай-ақ Саар федералдық жерінің Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығы қатысты.
Диалог барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері, оның ішінде сутек энергетикасын, металлургияны, логистиканы, экологиялық және инфрақұрылымдық жобаларды дамыту бағыттары талқыланды.
Әсіресе «жасыл» сутек өндіру саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Неміс компаниялары Қазақстанды сутек генерациясы бойынша ең жоғары әлеуеті бар елдердің бірі ретінде қарастырып, үлкен қызығушылық танытты.
«Becker Mining» компаниясы қазақстандық серіктестермен, әсіресе тау-кен өндірісін автоматтандыру және цифрландыру салаларында технологиялық ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін білдірді. «Stahl-Holding-Saar» қазақстандық шикізатты жеткізу және көміртегі ізі төмен өндірістерді дамыту мақсатында жергілікті серіктестік орнатуға қызығушылық танытты. Сондай-ақ Саар университетімен ынтымақтастық аясында білім беру бастамалары талқыланды.
Кездесу барысында неміс технологияларын пайдалана отырып, Қазақстанда өндіріс орындарын ашу, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының және арнайы экономикалық аймақтар алаңдарында ноу-хау трансфері мен неміс капиталының тарту мүмкіндіктері қарастырылды.
«Саар – Германиядағы ең озық өнеркәсіптік өңірлердің бірі ретінде Қазақстан үшін әлеуетті серіктес. Біздің экономикаларымыз өзара бірін-бірі толықтырып тұр: бізде – шикізат пен логистика, сіздерде – технология мен инвестиция. Бүгінгі кездесу – жасыл энергетика, өнеркәсіп және логистика салаларындағы нақты бірлескен жобаларды іске қосуға жасалған маңызды қадам. Саар делегациясына конструктивті диалог үшін алғыс білдіреміз және жүйелі әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа ниеттіміз» Әлібек Қуантыров
Саар делегациясының сапары Қазақстан мен Германия арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамыту жолындағы кезекті маңызды қадам болып, неміс іскерлік топтарының қазақстандық нарыққа деген жоғары қызығушылығын тағы бір мәрте растады.