Қазақстан Африкаға теңқұқылы әрі тұрақты әріптестікті ұсынады

3740
Фотосурет: Gov

Қазақстан мен Африка Астана халықаралық форумында жаңа серіктестік көкжиектерін ашуда, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Астана халықаралық форумы аясында өткен «Қазақстан мен Африка: ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» атты панельдік сессияға қатысты. Сессия Орталық Азия мен Африка елдері арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың, өнеркәсіптік кооперацияның, технологиялық алмасудың және орнықты дамудың келешегін талқылауға арналды.

Дискуссияны Буркина-Фасоның бұрынғы премьер-министрі және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың экс-атқарушы хатшысы Лассина Зербо жүргізді. Спикерлер қатарында – Руанда Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Оливье Жан Патрик Ндухунгирехе, Конго Республикасының халықаралық ынтымақтастық министрі Дени Кристель Сассунгессо, нигериялық Йоруба халқының королі Адейейе Энитан Огунвуси, «Paramount Group» негізін қалаушысы Ивор Ичиковиц және «Alomra Group International» президенті Дрисс Беномар болды.

Сессияда сөйлеген сөзінде Ә.Қуантыров Африканы Қазақстан үшін тек дамушы өңір емес, ұзақ мерзімді өзара тиімді серіктестік орнатуға болатын стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, 2024 жылы Қазақстан мен Африка елдері арасындағы тауар айналымы 15%-ға артып, 783 млн АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, логистика, цифрлық технологиялар, фармацевтика және машина жасау сияқты салаларда инвестициялық қызығушылық артып келеді.

Министрдің орынбасары 33 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу арқылы мысырлық «EIPICO» компаниясының Қазақстанда толық циклді фармацевтикалық зауыт құру бойынша жобасын ерекше мысал ретінде келтірді. Бұл жоба африкалық компаниялардың Қазақстанды шалғай нарық емес, жоғары технологиялы және ұзақ мерзімді инвестицияларға арналған платформа ретінде қабылдайтынын көрсетеді.

«Қазақстан Африкамен диалог жүргізуде донорлық ұстаныммен емес, тең құқылы серіктес ретінде әрекет етеді. Біз сауда жасауға, бірлесіп инвестиция салуға және жасыл энергетика, цифрлық басқару, агроөңдеу мен логистика салаларында тәжірибе алмасуға дайынбыз. Бүгінде Африка жаһандық өсудің жаңа орталығына айналып жатқан тұста, терең, көпқырлы серіктестік орнататын сәт туды деп санаймыз. Бұл серіктестік өзара құрмет, прагматизм және орнықты даму қағидаттарына негізделуі тиіс» Әлібек Қуантыров

Сессия барысында халал және органикалық өнімдерді африкалық нарықтарға жеткізу, бірлескен агроөңдеу кластерлерін құру, сондай-ақ Қазақстанның ұн экспортындағы көшбасшы рөлі мен Африка құрлығының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі әлеуеті де талқыланды.

Цифрландыру мен инновациялар саласындағы серіктестікке ерекше назар аударылды. Қазақстан телекоммуникациялық инфрақұрылым, смарт-қалалар шешімдері және спутниктік технологиялар бойынша ынтымақтастық ұсынды.

Сессия соңында Африка мен Орталық Азия арасындағы «көпірлерді» нығайту, B2B ынтымақтастықты кеңейту және Astana Hub, KazAID, сондай-ақ Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы сияқты платформаларды тиімді пайдалану қажеттігі туралы пікір алмасу өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -