Қазақстан Колумбиядағы Кариб мемлекеттері қауымдастығының 10-шы саммитіне қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанның Мексикадағы Елшісі Алмұрат Тұрғанбеков Кариб мемлекеттері қауымдастығы (КМҚ) мемлекет және үкімет басшыларының 10-шы саммитіне қатысты.
Аталған мерейтойлық саммит 1994 жылы шілде айында Картахена қаласында қабылданған Қауымдастықты құру туралы конвенцияның 30 жылдығына арналған және «Мәңгілік бірлік: тұрақты Үлкен кариб өңіріне қарай» ұранымен өтті.
Іс-шара аясында өңір үшін өзекті климаттық дағдарыс, көші-қон, тұрақты даму, жаһандық қаржы және басқару жүйелерін реформалау, адам құқықтарын қорғау, сондай-ақ бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Саммит алаңында Елші КМҚ Бас хатшысы Ноеми Эспиноса Мадридпен және Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдері делегацияларының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізіп, олардың барысында екіжақты және көпжақты өзара іс-қимыл мәселелерін қозғады.
Қазақстан Республикасы Кариб теңізі мемлекеттері қауымдастығында бақылаушы ел мәртебесін 2016 жылғы маусымда Гаванада (Куба) өткен 7-ші КМҚ саммитінде алды. Қауымдастық Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі беделді өңірлік құрылымдардың бірі болып табылады және құрамына 25 егемен мемлекет кіреді. Қазақстанмен қатар, КМҚ-да бақылаушы мәртебесіне Ұлыбритания, Италия, Испания, Нидерланды, Канада, Оңтүстік Корея, Ресей, Беларусь және басқа елдер ие.