Астанада Қазақстан мен Буркина-Фасо арасындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жұмыс сапарымен Астанаға келген Буркина-Фасоның Сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық және шетелдегі буркиналықтар министрі Карамоке Траоремен кездесу өткізді.
Бұл сапар Буркина-Фасо сыртқы саяси ведомствосы басшысының екіжақты қатынастар тарихында Қазақстанға алғашқы ресми сапары және серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге тың мүмкіндіктер ашады.
Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық саладағы кең ауқымды мәселелерді талқылады. Әсіресе, логистика, пайдалы қазбаларды өндіру, цифрландыру және қорғаныс өнеркәсібі сияқты болашаққа бағытталған салалардағы ынтымақтастықты арттыруға басымдық берілді.
«Африка бағыты – Қазақстан сыртқы саясатының маңызды бөлігі. Астана құрлық елдерімен өзара тиімді және тең құқықты серіктестікті нығайтуға ұмтылады», – деді М.Нұртілеу.
Сонымен қатар Қазақстан СІМ басшысы Буркина-Фасоның Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын құру бастамасын қолдағаны үшін алғыс айтты.
Министрлер шарттық-құқықтық базаны тереңдетуге және әртүрлі деңгейдегі сапарларды жандандыруға өзара мүдделілігін растады, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында Саяси және дипломатиялық консультациялар жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл құжат ведомствоаралық диалогты институциялау бағытындағы маңызды қадам болды.
Буркина-Фасо сыртқы саяси ведомствосы басшысының сапары қазақ-африкалық қарым-қатынастардың қарқынды даму кезеңіне сәйкес келуде. Соңғы жылдары Астанада Того, Конго Республикасы, Гвинея-Бисау мен Руанданың көшбасшылары, сондай-ақ Сьерра-Леоне, Бенин және Руанданың сыртқы істер министрлері ресми сапармен болды.
Қазақстан Африка құрлығындағы өз дипломатиялық өкілдіктерін жүйелі түрде кеңейтіп, тең құқық пен өзара құрмет негізінде бірлескен экономикалық жобаларды ілгерітуде.