Қазақстан Сыртқы істер министрі Үндістан Премьер-министрінің қабылдауында болды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Үндістанға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Орталық Азия елдерінің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының Үндістан Республикасының Премьер-министрі Нарендра Модимен ұжымдық кездесуіне қатысты.
Кездесу барысында тараптар стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың бірқатар өзекті мәселелерін талқылады. Негізгі назар саяси диалогты кеңейтуге, экономикалық байланыстарды нығайтуға, көпжақты форматта бірлескен бастамаларды алға жылжытуға, сондай-ақ «Орталық Азия – Үндістан» диалогы аясындағы ынтымақтастықты тереңдетуге аударылды.
Қазақстан СІМ басшысы негізгі халықаралық серіктестердің бірі ретінде Үндістанмен жүйелі өзара әрекеттесудің маңыздылығын атап, Астананың екіжақты және өңірлік алаңдарда өзара тиімді бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді. Өз кезегінде Үндістан Премьер-министрі Нью-Делидің Орталық Азия мемлекеттерімен, оның ішінде өңірлік көшбасшы саналатын Қазақстанмен ынтымақтастығын одан әрі кеңейтуге зор әлеует бар екенін атап өтті.
Сұхбаттастар саяси диалогты, оның ішінде биік және жоғары деңгейдегі сапарларды қолдауға мүдделілігін растады және өзара іс-қимылдың өңірлік архитектурасын нығайтуға келісті.