Азаматтық авиация академиясы мен Lufthansa Aviation Training серіктестік орнатуға ниетті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Азаматтық авиация академиясының Басқарма Төрағасы – Ректоры Бекен Сейдахметов Германияға жұмыс сапары аясында Берлин қаласындағы Lufthansa Aviation Training орталығының өкілдерімен ресми кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар ұшқыштар мен авиациялық инженерлерді даярлау, оқу симуляторларын пайдалану, сондай-ақ бірлескен тренинг бағдарламаларын іске асыру мәселелерін талқылады.
Lufthansa Aviation Training – авиациялық оқыту саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Орталық жыл сайын мыңдаған азаматтық авиация мамандарын заманауи симуляторлар мен озық оқыту әдістемелерін пайдалана отырып даярлайды.
Келіссөздердің нәтижесінде неміс тарапы Қазақстанмен және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдіріп, өзара тиімді әріптестікке дайын екенін жеткізді.
Инженерлік кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Алдағы уақытта авиациялық инженерлердің біліктілігін арттыру мен білім беру бағдарламаларын дамытуға бағытталған серіктестік туралы келісімге қол қою жоспарланып отыр.
Тараптар нақты бірлескен жобаларды іске асыру және стратегиялық әріптестікті нығайту бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты.