2025 жылғы 16–17 маусымда Астанада «Орталық Азия – Қытай» Саммиті аясында «Power Central – Asia China» алғашқы өңірлік энергетикалық форумы өтеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Форумды ҚР Энергетика министрлігі мен «Инфрақұрылым және инновациялық дамуға жәрдемдесу қауымдастығы» ЗТБ (АСИИР) ұйымдастыруда. Ауқымды шараға жетекші энергетикалық корпорациялар мен институттар, оның ішінде China Southern Power Grid, PowerChina, Huawei, Energy China, China Datang, LONGi, KEGOC, Samruk-Energy, KazMunayGaz, QazaqGaz және Kazakh Invest компаниялары қолдау көрсетуде. Іс-шара Hilton Astana қонақүйінде өтеді.
Қазақстан – өңірлік энергетикалық хаб ретінде
Форумның негізгі мақсаты – инвестициялық, индустриялық және ғылыми-білім беру саласындағы бірлескен жобаларды саралау. Сондай-ақ еліміздің жасыл энергетика, цифрлық технологиялар мен өнеркәсіптік кооперациясын дамыту бойынша жетекші өңірлік хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған.
Басқосуда экономиканың негізгі салаларына, яғни жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК), сутегі энергетикасы мен отын-энергетика кешенін (ОЭК) ESG талаптарына (экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару) сәйкес жаңғыртуға инвестиция тарту мәселелері талқыланады.
Мазмұнды бағдарламалар мен негізгі тақырыптар
Форум бағдарламасы келесі өзекті тақырыптарды қамтиды:
- ҚР Энергетика министрі мен қатысушы елдердің жоғары деңгейлі ресми делегациялары қатысатын пленарлық отырыс;
- Энергетикалық ауысым, BESS, HVDC, Smart Grid, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект (AI) технологияларын дамыту, ЖЭК интеграциясы, сутегі энергетикасы мен СЖЭС болашағы, ESG стандарттарын енгізу және индустрияландыру мәселелеріне арналған 22 тақырыптық панельдік сессия.
- Заңнамалық бастамаларды талқылауға арналған дөңгелек үстелдер, сондай-ақ тікелей байланыс орнатуға арналған B2B, G2B және G2G форматындағы кездесулер;
- Технологиялар көрмесі. Жетекші компаниялар өздерінің инновациялық шешімдері мен үздік жабдықтарын ұсынады.
Қатысушылар
Форумға энергетикалық нарықтың негізгі өкілдері мен мемлекеттік құрылымдардың мамандары қатысады:
- Қытай, Қазақстан және Орталық Азия елдерінің үкіметтік делегациялары;
- KEGOC, Samruk-Energy, QazaqGaz, KazMunayGas, PowerChina, Huawei, LONGi секілді ірі энергетикалық және өнеркәсіптік корпорациялардың басшылары;
- Азиялық даму банкі (АДБ), Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) секілді халықаралық қаржы институттарының өкілдері;
- Академиялық және ғылыми қауымдастықтың өкілдері.
Күтілетін нәтижелер мен бастамалар
Форум жұмысы нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған:
- Ынтымақтастық туралы 20-дан астам стратегиялық келісім мен меморандумға қол қою;
- Қазақстанда өндірісті локализациялау бойынша жаңа инвестициялық жобалар мен бағдарламаларды таныстыру;
- Форумның тұрақты жұмыс істейтін Хатшылығын құру және бірлескен жобаларды бақылауға арналған цифрлық платформаны іске қосу;
- Энергетика саласындағы жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған бірлескен білім беру және кадрлық бастамаларды іске асыру.