Қазақстанның Эстониядағы Елшісі Алтай Көлгінов Эстония инфрақұрылым министрі Кульдар Лейспен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Тараптар көлік-логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ эстондық порт пен теміржол инфрақұрылымдарын пайдалану перспективаларын талқылады.
Сұхбат барысында қазақстандық жүктерді жеткізу үшін, әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту шеңберінде Эстония көлік тораптарының маңыздылығы аталып өтті. Сондай-ақ өңірлік бастамаларды іске асыруда тәжірибе алмасуға, екі ел өкілдері арасындағы бизнес-байланыстарды күшейтуге назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша сұхбаттастар экономикалық өзара іс-қимылды белсенді дамыту, кәсіпкерлік қызметті қолдау және қолайлы инвестициялық климат құру қажеттілігі туралы бірыңғай ұстанымдарын білдірді. Өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту үшін бұдан әрі болатын қадамдар белгіленді.