«Самұрық-Қазына» мен Huawei 5G және жасанды интеллект саласында ауқымды ынтымақтастықты бастады

1441

Huawei мен «Самұрық-Қазына» цифрлық трансформация саласында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды DKnews.kz.

2025 жылғы 16 маусымда Астанада Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай басшыларының Екінші саммитіне орай ұйымдастырылған «Қытай – Орталық Азия» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастығының Екінші форумы өтті. Бұл форум – аймақ елдері мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, инвестиция тартуға және Орталық Азия мен ҚХР компаниялары арасындағы тікелей іскерлік байланыстарды дамытуға бағытталған бейтарап диалог алаңы болды.

Форум аясында Huawei Technologies Kazakhstan компаниясы мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры цифрлық трансформация және телекоммуникациялық инфрақұрылым салаларындағы стратегиялық ынтымақтастықтың негізін қалайтын өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Аталған келісім заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ), соның ішінде 5G желілерін, «ақылды қалалар» шешімдерін, жасанды интеллектіні (ЖИ), бұлтты платформаларды және энергия үнемдейтін цифрлық жүйелерді енгізуге бағытталған. Бірлескен жобалар Қазақстан азаматтарының өмір сапасын жақсартуға және энергетика, көлік, денсаулық сақтау сияқты экономиканың негізгі салаларын дамытуға ықпал ететін болады.

«Huawei компаниясымен ынтымақтастық Қордың портфельдік компанияларында цифрлық шешімдерді енгізу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді. Бұл құжат Қазақстанның цифрлық трансформацияға бағытталған өршіл мақсаттарына қол жеткізу жолындағы маңызды қадам болатынына сенемін» «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов

Меморандум аясында негізгі ынтымақтастық бағыттары мынадай:

  • Цифрлық платформалар мен бұлтты шешімдерді әзірлеу және енгізу
  • Азаматтардың өмір сапасын арттыру мақсатында 5G желілері мен «ақылды қалалар» жүйесін дамыту
  • Стартаптар мен инновациялық жобаларды акселерациялық бағдарламалар мен IT-зертханалар арқылы қолдау
  • Цифрлық технологиялар саласындағы дағдыларды дамытуға бағытталған білім беру бастамалары

Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының бас директоры Сун Ясюй меморандумның стратегиялық маңыздылығын атап өтті:

«“Самұрық-Қазына” қорымен өзара түсіністік туралы меморандум – Қазақстанның цифрлық экономикасын одан әрі дамыту жолындағы маңызды қадам. Huawei компаниясы 5G, жасанды интеллект және бұлтты шешімдер секілді озық технологиялар арқылы энергетика, көлік, денсаулық сақтау сияқты негізгі салалардың дамуына үлес қосуға қуанышты. Бұл серіктестік Қазақстан үшін орнықты әрі инновациялық цифрлық инфрақұрылым қалыптастыруға жол ашады деп сенеміз» Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының бас директоры Сун Ясюй

Сонымен қатар тараптар тәжірибе алмасу, технология трансфері және Қазақстандағы цифрлық трансформацияға халықаралық үздік тәжірибелерді енгізу мәселелері бойынша ынтымақтасуға уағдаласты.

Меморандум қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді және екі жыл мерзімге есептелген. Тараптар болашақта да өзара жобалардың аясын кеңейтіп, ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -