Қазақстан саяси реформаларын Еуропаға таныстырды: Страсбургте маңызды кездесу өтті

1397
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстан Еуропаға өз жолын тағы бір мәрте таныстырды. Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) жазғы сессиясында еліміздің делегациясы саяси реформалар жөнінде жан-жақты баяндама жасап, Еуропалық серіктестер алдында жаңа Қазақстанның бет-бейнесін көрсетті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан делегациясы — саяси жаңғырудың мәнін түсіндірді

Қазақстандық делегацияны Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ержан Кочетов бастап барды. Делегация құрамында Бас прокуратура өкілдері де болды. Олар ЕКПА-ның Саяси мәселелер және демократия жөніндегі Комитеті отырысына қатысып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан демократиялық реформалар туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынды.

Отырыста қазақстандық тарап елде жүргізіліп жатқан өзгерістердің түпкі мақсаты — «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» үлгісін қалыптастыру екенін айтты. Бұл жаңа саяси жүйе билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін қамтамасыз етуге және халықпен ашық диалог орнатуға бағытталған.

ЕКПА баяндамашысы: «Қазақстан — бүкіл өңір үшін үлгі»

Комитет отырысында Қазақстан бойынша баяндамашы, венгриялық депутат Жолт Немет сөз сөйлеп, 2–6 мамыр аралығындағы Қазақстанға жасаған сапарының қорытындыларымен бөлісті. Ол еліміздегі саяси өзгерістерді ерекше бағалап:

«Қазақстандағы реформалар тек Орталық Азия үшін ғана емес, Шығыс Еуропа үшін де маңызды үлгі. Бұл — жүйелі және жігерлі трансформация», — деді.

Сондай-ақ Ж.Немет ЕКПА-да «Парламенттік Ассамблея Қазақстанның демократиялық реформаларды жалғастыруын қолдауы тиіс» атты арнайы баяндама әзірленіп жатқанын хабарлады.

Қазақстан мен Еуропа Кеңесі – ынтымақтастықты тереңдетуге дайын

Қазақстан делегациясы Страсбургтегі сапар аясында Еуропа Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Бьёрн Бергемен жеке кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен Еуропа Кеңесінің қазіргі қарым-қатынасы мен болашақтағы ықтимал бағыттарын талқылады.

Б.Берге Қазақстанмен ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі екенін және адам құқықтары, заң үстемдігі, БАҚ еркіндігі сияқты салаларда бірлескен жобалар жүргізуге дайын екенін жеткізді.

Маңызды қадам: халықаралық қолдау – ішкі өзгерістер кепілі

Қазақстанның бұл сапары халықаралық қауымдастықтың еліміздегі реформаларға деген сенімі мен қызығушылығының артқанын көрсетеді. Еуропа Кеңесімен ынтымақтастықтың тереңдеуі Қазақстанның халықаралық беделін арттырып қана қоймай, демократиялық дәстүрлерді орнықтыруға нақты серпін береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -