АлЭС: шеберлік, тәжірибе және сабақтастық басты назарда

1595
Алевтина Донских Бас редактордың орынбасары
Фотосурет: Айгуль Құрғанбаева

Алматы электр станцияларының үш мыңнан  астам ұжымының  2045 –ін жұмысшылар құрайды. Олардың барлығы салалық анықтамаға сай   энергетиктер,  алайда әрқайсысының өз мамандануы бар - машинистер, электриктер, слесарьлар, дәнекерлеушілер, қазандық операторлары, турбинашылар, электр монтерлер, вагондарды қараушылар, пойыз құрастырушылар және  электр станциялар жұмысына аса қажетті   өзге де маман иелері.    

Алуан түрлі мамандардың үлкен тізіміне деген қажеттілікті сегіз өндірістік департаменттен тұратын «АлЭС» АҚ-ның бірегей құрылымымен анықталады. Олардың бесеуі – энергия өндіру, отын түрі, технология, Алматы өңірінің жалпы энергия жүйесіндегі нақты рөлі бойынша да бір-бірінен ерекшеленетін электр станциялары. Жөндеуді, логистиканы, жылу тарату функциясын қамтамасыз ететін басқа үш департаменттің де өзіндік нақты міндеттері бар.   

Кадрларды өсіру бағдары 

Мемлекеттiк саясаттың заманауи  жұмысшылар класын  қалыптастыруға, жұмысшы мамандықтардың  беделiн арттыруға баса назар аударуы өндiрiске жүктелген кадрларды жетілдіру жұмысының катализаторы болды.  Мысалы, қауіпті өндірістің ерекшелігіне байланысты персоналдың біліктілігі үлкен мәнге ие «АлЭС» АҚ-да кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың толыққанды жүйесі құрылды. Нақты айтқанда, мамандарды бастапқы сатыдан, яғни  жұмысшыдан  бастап  жоғары білікті инженерге дейін өсіріп, жетілдіру саясаты қалыптасқан. 

Қазіргі АлЭС жұмысшылар ұжымының құрылымында  ұрпақтар сабақтастығы да,  қызметтік өсу сатылары да нақты құрылған: мұнда 349 маман - 30 жасқа дейінгі жастар, 1009 жұмыскердің едәуір бөлігі орта жастағы мамандар, ал 687 жұмыс элитасы - 50 жастан жоғары буын мамандары.

Осылардың көбінің жұмысшы біліктілігі сапалы білімге негізделген: жұмысшылардың жалпы санындағы 496 адамның жоғары білімі, 580 адамның орта арнаулы білімі және 969 адамның орта білімі бар. Көпшілігі өндірісте кәсіби шыңдалды: олардың тарихы көптеген энергетиктер үшін үлгі болып табылады, ал санының көптігі компаниядағы кадрлық жұмыстың нәтижелілігін растайды.

Энергетиктердің өздері баяндайтын  еңбек жолы туралы әңгімелері - мемлекет жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылының өзектілігін және еліміздегі роботтандыру және жасанды интеллект дәуірінде жұмыс істеуге дайын қазіргі заман жұмысшылар тобын қалыптастыру қажеттілігінің айқын дәлелі. Технологиялар үздіксіз өзгеріп, күрделене түскенімен,  жұмысшыларсыз, сауатты мамандарсыз астық нанға айналмайды, тоқ өндіріліп,   жылу тарамайды. 

Б. Оразбаев атындағы 1-ЖЭО. Медеудің   университеттері

Медеу Серікұлы ЖАҚСЫЛЫҚ, жөндеулер қызметінің жетекші инженері

Балалық шағымда энергетик болуды армандаған екенмін. Жоғары сыныптарда адамдарға нақты пайдасы болатын мамандықты таңдағым келді. ҚазҰУ-ға жылу энергетикасы мамандығына түскенде, оқуды бітірген соң, шынымды айтсам,   жылы кеңседе жұмыс істеймін деп ойладым.

2018 жылы диплом алғаннан кейін мен 1-ЖЭО-ға машинист болып жұмысқа орналастым. Жан- жағымда шу, май, ыстық құбырлар, 12 сағаттық ауысым – бастапқыда біршама қобалжып жүрдім. Формулалар мен есептеулердің орнына - нақты цех, бу, агрегаттар және үлкен жауапкершілік. Үміттерім  шындықпен сәйкес келмеді, алайда мен үшін ең дұрысы осы болып  шықты. Қазір жөндеу қызметінде жетекші инженер болып жұмыс істеймін, цехта өткізген жылдарым өмірімдегі ең құнды университетке айналды. Шынымды айтсам,  «қолымнан келмейді» деп ойлаған кездерім де болды. Бірақ дәл осы кезең мені ширатты.

2022 жылы турбиналық цехтан жөндеу қызметіне инженер болып ауысу туралы шешімімді әлі күнге дейін ерекше мақтан тұтамын. Көбі маған жөндеу қызметінде қатты қиын болады, есептілік көп, жүктеме де жоғары болады деп айнытқан. Сол кезде мен Ринат ағаға (Ринат Қуанышбекұлы Мақсұтовқа) келдім. Ол мені тыңдап: «Егер өскің келсе, алға жүр. Әрине, қиындықтар  болады, бірақ дәл осында  нағыз инженер боласың» - деді.

Жөндеу қызметінде мені өте жылы қабылдады.  Қызмет бастығы Әсет Әмірбеков, жетекші инженер Зарина Беркімбаева мамандыққа бейімделуіме қолдау жасады, әсіресе  бас инженердің орынбасары Владимир Викторович Сизов көп нәрсе үйретті.  Турбина цехында мені алғашқы қадамдардан бастап қолдағандар пайдалану жөніндегі басшы  орынбасары Серік Рахымұлы Талдыбаев, жөндеу жөніндегі басшы орынбасары Ринат Қуанышбекұлы Мақсұтов, аға машинист Сергей Петрович Гопак, ауысым бастығы Айболат Асқарұлы Нұржігітов болды.  Олардың кеңестері, шыдамы және қатаң, бірақ әділ талаптары мен үшін нағыз мектеп болды.

Алайда мен өзімді әзірге қандай да бір үздік маманмын деп есептемеймін - өз жұмысымды адал орындап, ұжымның үмітін ақтауға талаптанамын. Мен үшін ең бастысы - әріптестерімнің жылы шырайлы, ал қаламыз  жылы болуына  жұмыс істеу.

 Желтоқсан айында біз кәсіби мерекеміз – Энергетик күнін атап өтеміз. Мен үшін бұл кәсіби мереке ғана емес, жүз мыңдаған   шаңырақтағы  жылу мен жарық біздің жұмысымызға байланысты екенін ерекше сезінетін күн.

Каскад ГЭС. Қайраттың «шипажай емесі»

Қайрат Анварұлы ТАЛДЫБАЕВ, жабдықтарды пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі жетекші инженер

Энергетикадағы еңбек жолым 2013 жылы «АлЭС» АҚ  2-ЖЭО-да басталды, онда алты жылға жуық жабдықтарды жинақтау жөніндегі инженер болып, сондай-ақ күрделі құрылыс бөлімінде, жөндеу-құрылыс цехында түрлі лауазымдарда жұмыс істедім. Бастапқыда оңай болмады: жаңа жұмыс орны, жаңа адамдар, жаңа қызмет бағыты - энергетика, себебі бұрын құрылыста жұмыс істедім.  Сондықтан көп нәрсені басынан бастауға  тура келді.  Алайда  бұл сауатты, жан-жақты мамандармен жұмыс істеу тәжірибесіне айналды.

2019 жылы   мен Каскад ГЭС өндірістік департаментіне ауыстым. 3-разрядты гидромеханикалық жабдықтарды жөндеу жөніндегі слесарь қызметінен бастадым.  Уақыт өте келе электр машиналар  цехының жабдықтарды пайдалану тобы  жабдықтарды пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі жетекші инженер болып тағайындалдым.  Электр машиналар цехында үш топ бар. Негізгі - пайдалану тобы. Екіншісі - электр қуаты жабдығын жөндеу. Үшіншісі - гидромеханикалық жабдықтарды жөндеу тобы.

Мен 2-ЖЭО-да жұмыс істеген кезімде,  көптеген басқа адамдар сияқты Каскад ГЭС  «курорт – шипажай», яғни табиғат, ауа таза деп ойлайтынмын.  Әрине, мұнда табиғат таңғажайып: мысалы, ГЭС -2, Казачки өзенінен жоғары жерде  таңғажайып сұлулықты көруге болады. Алайда жұмыс тұрғысынан – бұл жер мүлдем шипажай емес. Жабдықтармен жасақталып,  кез келген ауа райында тау арасымен  шақырымнан астам жол жүресің.  Каскадта өндіріс, жұмыс ерекшелігі басқаша.  Бұл жерде жұмыс істеу - өндірістік те, экологиялық та үлкен жауапкершілік. Біз БАО-ға жиналатын судың есебінен электр энергиясын өндіреміз, содан кейін суды ГЭС-11 дейін тасымалдаймыз. Бұл сонымен бірге,  қалаға берілетін  ауыз су.

Энергетик бола отырып, мен тәжірибеде оның қаншалықты маңызды және қажетті мамандық екеніне көз жеткіздім.  Жұмысшы мамандықтар  жылында  жұмысшы беделі туралы айтап қана қоймай, бұл үшін көп нәрсе жасалғаны да жақсы болды.    Биылғы жыл жұмысшы мамандығын таңдауда жастарға жақсы серпін берді.  Бұл өте маңызды, себебі жұмысшыдан бастап өскен  адамдардың  қаншалықты мықты  болатынын түсіну  мен оған қызығушылық пайда болады. Жұмысшы мамандығы бастама береді, қиындықтарда мінез-құлықты тәрбиелейді.

Біздің компанияға жас маман келгенде, оның қолында диплом ғана бар, тәжірибе жоқ. Ал АлЭС-те жоғары білім алғысы келетіндер үшін оқу бағдарламалары, гранттар, қосымша мамандықтар алуға мүмкіндіктер бар. Біздің оқу орталығында  немесе келісімшарттар жасалған басқа  да жоғары оқу орындары мен колледждерде оқуға болады.

Менің ойымша, биыл  компания үшін өте табысты жыл болды. Жас мамандарға тұрғын үймен көмек көрсету, тегін тамақтандыруды қамтамасыз ету сияқты жаңалықтар енгізілді.

 

3-ЖЭО. Юрий әулет іргесін қалаушы

Александр Юрьевич ХОМОЧКИН, электр цехының ауысым бастығы

Орта мектепті бітіргеннен кейін мен Алматы энергетика және аспап жасау колледжіне түстім. Өндірісте жақсы тәлімгерлерім болды. Олардың қатарында электр цехының аға шебері Владимир Александрович Стафоров, өндірістік учаске шебері Виктор Александрович Фомичев, ауысым бастығы Николай Петрович Попов, станция ауысым бастығы Виктор Михайлович Романенко бар.

Мен жұмыс істей отырып, өзімнің тәжірибеде қолданған кәсіби білімімді үздіксіз арттыруды жалғастырдым, біліміммен қарамағымдағы жұмыскрелермен де бөлістім.  Өз жетістіктерімнің ішінен 2024 жылы «АлЭС еңбек сіңірген энергетигі» атағын алғанымды айта аламын.

 Энергетик ел болашағымен байланысты жұмысшы мамандықтардың бірі.  Менің ойымша, жұмысшы мамандықтарға жастарды тарту үшін көбірек көңіл бөлу керек. Автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект саланың ажырамас бөлігіне айналатынын ескерсек, бұл ерекше маңызды. Энергетика саласында адам интеллектін жұмысты жеңілдету және еңбек жағдайын жақсарту үшін машина мүмкіндіктерімен біріктіруге болады деп сенемін.

Біздің отбасымызда мен алғашқы энергетикпін,  балаларымның осы салада   жұмыс жасап,  ұрпақ сабақтастығын  жалғастырғанын  қалаймын.  20 жыл үздіксіз жұмыс істеген соң, мен болашақ үшін лайықты әрі өзекті мамандықты таңдағанымды түсіндім.

БЖК. Даниярдың ұраны

Данияр ЧУКАЕВ, қазандық цехының ауысым бастығы

Мамандықты таңдау уақыты келгенде мен энергетиканы таңдадым. Уақыт өте келе  дұрыс таңдау жасағанымды түсіндім – бүгінде   мамандығымды  өз өмірімнің ісі деп есептеймін. Мен 2020 жылдың тамызында 3 - разрядты сорғы қондырғыларының машинисі болып жұмысқа орналастым. Содан кейін бірнеше жұмыс сатысынан өттім, қазір цех  ауысымының бастығымын.  Менің кәсіби қалыптасуымда Бахтияр Хамитұлы Жармұхамедов, Бейбіт Алмас Бейбітұлы, Евгений Васильевич Комендантский, Игорь Владимирович Когтев сынды тәлімгерлерім  басты рөл атқарды.

Менің алғашқы кезекшілігім, жабдықтарды жаңғыртуға қатысуым, ал кейіннен шағын жобалар мен адамдарға басшылық жасауым маңызды кезеңдер болды. Әр кезең мамандық пен жауапкершілікке жаңа түсінік берді.

Мен  үшін қазірдің өзінде жаңғыртуға/оңтайландыруға, жұмыстың жаңа әдістерін енгізуге, жас мамандарды даярлауға қатысу мүмкіндігі туды.  Менің мақсатым - кәсіби өсуді жалғастыру, жаңа технологияларды игеру және компанияға даму жобаларында пайдалы болу.

Қазақстанда жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылын   дер кезінде қабылданған шешім деп санаймын.  Еліміз білікті жұмысшы кадрларға аса мұқтаж және жастарға  жұмысшы мамандықтардың беделді, технологиялық және перспективалы екенін көрсету маңызды.  Осы жылы шынымен де осы тақырыпқа қоғам мен мемлекеттің назары артты.  Ең бастысы - көптеген жастар техникалық мамандықтарды нақты жол ретінде қарастыра бастады.

 Менің де шәкірттерім бар - Қайнар Дәулетхан мен Әлібек Садықов. Олармен  «менің істегенімді істе, егер  түсініксіз болса, сұра» деген қағидат бойынша жұмыс істеймін. Бәрін іс жүзінде көрсетемін, шешімдердің логикасын түсіндіремін, алдын ала ойлауға және тәуекелдерді бағалауға үйретемін. Тәлімгерліктегі ең бастысы - шыдамдылық, ашықтық және жеке үлгі. Жастар білімді ғана емес,  іске деген көзқарасты да қабылдайды. Энергетика сияқты салада жастарға тәжірибемен бөлісу   - сенімділіктің негізгі факторы болып табылады. Әрбiр  маман өзiнен кейiн даярланған мұрагерiн қалдыруы тиiс.

Бүгінде энергетика қарқынды өзгеруде. Көштен  қалмау үшін үнемі оқуға тура келеді: курстардан өтіп, жаңа құжаттарды оқып, қазіргі заманғы бағдарламалық жасақтамаларды игеріп, салада енгізіліп жатқан шешімдерді қадағалап отырамын. Оның үстіне 5.0 индустриясы және «адамның машинамен ынтымақтастығы» туралы болжамдарды шынайы деп есептеймін. Автоматтандыру  жұмысты жеңілдетеді,  бірақ күрделі шешімдер бәрібір адамда қалады. Индустрия 5.0 адам мен машина бір-бірін толықтырады деп болжайды: жүйе деректерді жинайды, талдайды, ал адам шешім қабылдайды. Энергетикада алдағы жылдары  - сандық қосалқы станциялар, интеллектуалды басқару жүйелері, болжамды талдау күтілуде. Иә, біз дайынбыз: сала қазірдің өзінде осы кезеңге кіріп жатыр.

 Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС. Айдардың өсу нүктесі

Айдар БЕЙСЕНОВ, ЭМЦ бас маман-технологы

АлЭС-те 2017 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Басында ең күрделісі өндірістің нақты жағдайын  игеру және барлық станция тәуелді болатын құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйрену болды. Электр слесарінің жұмысы - бұл жауапкершілік және тұрақты оқу.  Қазір бас маман-технолог болып жұмыс істей отырып, осы жолдан өткенімді мақтан тұтамын.

Менің  қалыптасуымның ең маңызды кезеңі    - электр слесарі болып жұмыс істей бастауым. Бұл  мінез пен жауапкершілік қалыптасатын нағыз тәжірибелік дағдылар мектебі болды. Екінші негізгі кезең - инженерлік-технологиялық бағытқа көшу, ол менен кәсіби өсуді және қосымша ізденуді   талап етті. Үшінші кезең - бас маман-технолог лауазымына тағайындалуым.

Мамандықтағы  қиындықтарды шешуге маған бірінші кезекте тәлімгерлер мен ұжым көмектесті. Ұрпақтар сабақтастығы тақырыбы, шынымен де, АлЭС үшін өзекті болып табылады. Компанияда білім беру бойынша жүйелі жұмыс құрылған: тәлімгерлік, ішкі оқыту және тағылымдамалар белсенді дамуда.

Осы тұрғыдан алғанда, Жұмысшы мамандықтар жылы уақтылы және стратегиялық дұрыс бастама болғанына сенімдімін. Қазақстанға мықты өндірістік кадрлар қажет және жұмысшы мамандықтарына баса назар аудару энергетика, өнеркәсіп және инфрақұрылымның ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жыл мақсаттарына қол жеткізілді: жұмысшы еңбегіне қоғамдық назар артты, жас мамандар арасында қызығушылықтың жаңа толқыны пайда болды, ал мемлекет кадрларды оқыту мен даярлауға қолдауды күшейтті. Ал менің жеке тәжірибем көрсеткендей, жұмысшы мамандығы өсу нүктесіне айналуы мүмкін.

 А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО. Жақсылық. Әке өнегесі.  

Жақсылық АДЫБАКИЕВ, электр цехының ауысым бастығы 

Мен 2013 жылы «АлЭС» АҚ Жақұтов атындағы 2-ЖЭО-ға  жұмысқа орналастым. Бала кезімде ақ энергетик боламын деп шештім. Мамандыққа деген қызығушылыққа  әкем баулыды, ол өзі энергетик болғандықтан  таңдауыма  арқау болды. Сондықтан әкем - менің алғашқы мұғалімім де, тәлімгерім де болып табылады.

Еңбек жолымның басында елеулі қиындықтар болған жоқ. Бір жағынан маған қызықты болды, мен мұндай жұмысқа дайын едім, екінші жағынан тәжірибелі тәлімгерлерім болды - ауысым бастықтары Бағдат Сайлаувич Молдабаев, Жаннатбек Аюпович Жанғабылов.

 Біздің компаниямызда тәлімгерлік -  мықты дәстүр болып табылады. Қазір бізде вахтада тағылымдамадан өтушілер бар. Олар негізінен оқу орындарынан кейінгі жастар. Менің  қарамағымда Бақдәулет Ердіхан мен Ерасыл Қазынабай бар. Егер жас мамандар тез арада тәжірибе жинақтаса, онда олармен  жұмыс істеу  жеңіл болады.

Өзімнің қазіргі көрсеткіштерім мен жұмыстағы жетістіктерімді оң бағалаймын, бұл ретте біздің мамандығымызда тоқтап қалуға болмайтынын түсінемін - үнемі оқу, жетілу  керек. Робототехника, ЖИ, цифрлық ақша, деректер орталықтары - осы жаңалықтардың барлығы көп электр қуатын талап етеді және біздің мемлекет, біздің компания Қазақстанда осы технологиялардың  дамуы үшін жаңа қуаттарды енгізуі тиіс.

 22 желтоқсанда біз дәстүрлі түрде Энергетик  күнін атап өттік. Бұл мереке маған бала кезімнен таныс, өйткені әкем энергетик. Сондықтан біздің отбасымыз бен ұжымымыз үшін бұл - ең  маңызды мереке.

 ӨЖК. Владимир. Машиналарды еститін адам

Владимир РЕГЕР, 2-ЖЭО турбиналық жабдықтарды жөндеу учаскесінің бастығы

Энергетик мамандығына қызығушылығым ерте пайда болды. Мектепте оқығаннан бері мен тетіктерді бірнеше сағат бойы талдап, тораптардың қалай жұмыс істейтінін және олардың неге осылай жұмыс істейтінін түсінуге тырысамын. Мен еңбек жолымды 1990 жылдардың соңында, қатардағы маман ретінде бастадым. Бұл сала қиын кезеңдерді бастан өткерген кезең болды. Сол кезде ауыр  еңбек, минималды механикаландыру және жабдықтардың жоғары тозуы, сонымен бірге жауапкершіліктің жоғары дәрежесімен бетпе-бет келуге тура келді. Бірақ дәл осы жылдар менің жеке дамуымның басты нүктесіне айналып, қиындықтар кәсіби ширауыма жол ашты.

Аз ғана уақыт ішінде мен слесарьдан шеберге дейін, содан кейін учаске бастығына  дейін көтерілдім. Бүгінде дәл осы учаскеде АлЭС станциялары үшін турбиналық жабдықтардың негізгі жөндеу операциялары шоғырланған.

Мен өз тәлімгерлерімнен көп нәрсе үйрендім. Бүгінде өзім тәлімгермін. Күрделі нәрселерді қарапайым сөздермен түсіндіруге тырысамын, процестердің логикасын көрсете отырып, артық қатаңдықсыз үйретемін. Себебі маман ойлану арқылы өседі. Бізде тұрақты, сенімді учаске қалыптасқанына қуаныштымын, онда жөндеу процестері математикалық тұрғыдан дәл құрылған.

Энергетикада күрделі мамандықтар аз емес, бірақ турбиналық жабдықтармен жұмыс істеу ерекше. Бұл білімнің жоғары шоғырлануы, инженерлік дәлдік пен адами жауапкершілік саласы. Біз машиналарды тыңдап, естуге тырысамыз. Мұндай дағды өз ісін шынымен жақсы көретіндерге көп жылдық тәжірибемен келеді. Сонда басқаларға кездейсоқ дыбыс сияқты көрінетін нәрселерді сезініп, механизмнің сипатын сезініп, турбинаның өзінің гулімен, мінез-құлқымен не айтатынын түсінуге болады.

Қазір энергетика айтарлықтай өзгерістерді бастан кешіруде: автоматтандыру жүріп жатыр, мониторингтің цифрлық жүйелері, диагностиканың жаңа әдістемелері пайда болып, енгізілуде. Бұл біздің мамандығымыздың болашағы. Тіпті техника қарқынды дамыса да, адам басты болып қала береді. Өйткені ешқандай жүйе инженерлік интуиция мен тәжірибені алмастыра алмайды. Сондықтан біз қазіргі заманғы тәсілдерді енгізуге, жаңа технологияларды зерделеуге тырысамыз және үздіксіз біліктілікті арттыру режимін қолдаймыз. Бұл бізге жаңа сын-қатерлерге тез бейімделуге және тиімді болып қалуға мүмкіндік береді, сондықтан біздің учаскеде технологиялық шешімдер тез әрі сауатты қабылданады.

ЦПВТ. Темір жол және Қанаттың темірдей берік еркі

Қанат ШАЙЗАНОВ, бас инженер

Энергетикаға мен 2000 жылы темір жол саласынан келдім. Кездейсоқтық немесе тағдыр шешімі  шығар,  алайда  менің  өмірім сол кезден бастап  осы саламен тығыз байланыста.  Кәсіпке мені АПК бас директорының орынбасары Бақытжан Мұхамбетқалиұлы Жақсалиев шақырды. Ол кезде компанияға темір жол құрылымында тәжірибесі бар маман қажет болатын.

Орталықта жаңа штаттық бірліктер - вагондарды тексерушілер, пойыздарды құрастырушылар, бағыттамалық бекеттердің кезекшілері ашылғанда біз өз жұмысшыларымызды өндірістен қол үзбей оқытуға шешім қабылдадық. Қазақ қатынас жолдары университетімен шарт жасадық, оқытушылар бізге келіп, жұмысшыларымызды оқытып отырды. Бізге сондай-ақ маневрлік тепловоздар мен теміржол кранының техникалық құжаттамасын Көлік және коммуникация министрлігінің талаптарына сәйкес келтіру қажет болды. Біз оған да қол жеткіздік: жылжымалы құрамның әрбір бірлігі Көліктік бақылау комитетінде тіркелді. Менің ойымша, ОҚТО -дағы жетістіктерім: теміржол жабдықтарының апатсыз жұмыс істеуі, жұмыста жарақат алу жағдайларын жою және уәкілетті органдар тарапынан айыппұлдардың   болмауы деп есептеймін. 

Еңбек жолымды  бастаған кезде білікті жұмысшы шеберге немесе инженерге қарағанда 2-3 есе көп жалақы алатын. Материалдық қызығушылық болды. Менің ойымша, біз де негізгі материалдық құндылықтарды  жасаушы  жұмысшылардың жалақысын  көтеру керектігін ойластыруымыз керек.

Сондықтан мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар  жылы деп жариялау бастамасы уақтылы болды деп санаймын. Білікті жұмысшы мамандықтарының жетіспеушілігі, әсіресе еңбек ардагерлері зейнетке шыққаннан кейін  сезіліп келеді. КСРО ыдырағаннан кейін бұрынғы кәсіптік-техникалық училищелер нарықтық экономикаға шыдай алмай жабылды. Жалақы төмен, ал жұмыс ауыр болғандықтан жұмысшы мамандығының беделі төмендеді.

Жастарды кәсіпке тартуымыз қажет, сала жаңа күш-жігерсіз қала алмайды. Сондықтан компанияда перспективті мамандарды дарындылар  пулына тарту бойынша іс-шаралар өткізіледі, олар жыл сайын мамандықтар бойынша оқудан және тағылымдамадан өтеді. Мен өз тәжірибемді жас мамандарға аянбай үйретемін,  кейде  жастардан үйренерім бар.  Мысалы, мені кез келген уақытта орынбасарым Әділет Мелисұлы Бейсенбаев алмастыра алады. Сондықтан бір жылдан кейін таза жүрекпен лайықты демалысқа шығамын. Бас инженер лауазымына сауатты, жауапты маман дайындадым деп үміттенемін.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -