DKNews.kz басылымына арналған эксклюзивті материалда Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулының міндетін атқарушысы Люй И Тайвань мәселесіне қатысты Қытайдың ұстанымын жан-жақты түсіндіріп, қай жерде «қызыл сызық» жатқанын және неге «бір Қытай» қағидатын сақтау өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін шешуші мәнге ие екенін атап өтеді.
Жуырда Америка Құрама Штаттары Қытайдың Тайвань аймағына қару-жарақ жеткізу жөніндегі тарихтағы ең ірі жоспарды мақұлдап, «бір Қытай» қағидатын және ҚХР мен АҚШ арасындағы үш бірлескен коммюникені елеулі түрде бұзды. Бұл шешім Қытай Халық Республикасының егемендігіне, қауіпсіздігіне және аумақтық тұтастығына нұқсан келтіреді. 26 желтоқсанда ҚХР Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың әскери-өнеркәсіптік кешеніне байланысты кәсіпорындар мен олардың жоғары басшыларына қарсы жауапты шаралар енгізу туралы шешімді жариялады. Бұл шаралар – заңды, негізді және қажетті. Тайвань мәселесінің мәні баяғыда анықталған, сондықтан үш маңызды жайтты тағы да ерекше атап өту қажет.
© AFP
Қытай тарапының негізгі, принципті ұстанымы қандай? Тайвань мәселесі – Қытайдың түбегейлі мүдделерінің өзегі және ешқашан бұзылмайтын алғашқы «қызыл сызығы». Әлемде бір-ақ Қытай бар, Тайвань – оның ажырамас бөлігі. Қытай Халық Республикасының Үкіметі – бүкіл Қытайды заңды түрде білдіретін жалғыз үкімет. 1971 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 26-сессиясы №2758 қарарын басым дауыспен қабылдап, ҚХР-ды барлық құқықтарымен қалпына келтіруді және БҰҰ-дағы Қытайдың жалғыз заңды өкілі ретінде мойындауды бекітті. Бүгінде, оның ішінде Қазақстан Республикасын қоса алғанда, 183 мемлекет ҚХР-мен дипломатиялық қатынас орнатты және Тайвань жөніндегі Қытай үкіметінің принципті ұстанымын қолдайды. Көбірек елдер «бір Қытай» қағидатын тұрақты сақтап, Тайваньды Қытай аумағының ажырамас бөлігі ретінде мойындайды, Тайвань «тәуелсіздігінің» кез келген түріне қарсы шығып, ұлттық қайта бірігу жолындағы ҚХР үкіметінің күш-жігерін қолдайды.

Тайвань төңірегіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты кім бұзып отыр? АҚШ өзіне алған міндеттемелерін бұзып, 1978 жылғы ҚХР мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынастарды орнату туралы бірлескен коммюникеде айтылған ұстанымдардан шегіне берді. Онда АҚШ «әлемде бір ғана Қытай бар екенін, Тайвань Қытайдың бір бөлігі екенін мойындайтыны, ал ҚХР үкіметін – Қытайдың жалғыз заңды үкіметі ретінде танитыны» атап өтілген. Сондай-ақ 1982 жылғы 17 тамыздағы коммюникеде «АҚШ Қытайдың егемендігі мен аумақтық тұтастығына қол сұғуды, Қытайдың ішкі ісіне араласуды, Тайваньды ұзақ мерзімді қаруландыру саясатын жүргізуді көздемейді» деп көрсетілген.
© EPA-EFE/RITCHIE B. TONGO
Бүгінгі таңда АҚШ Тайвань «тәуелсіздігін» жақтайтын күштермен астыртын ымыраға келіп, шиеленісті күшейтіп, текетірес қаупін арттырып отыр. Билікке келгеннен кейін Лай Цинде «сыртқы күштерге сүйеніп тәуелсіздікке жету» және «күш қолдану арқылы тәуелсіздік алу» бағытын күшейтті, бұл түптің түбінде өзін-өзі тығырыққа тірейтін салдарларға алып келеді. Жуырда Тайваньдың заң шығарушы органы Лай Цинде жөнінде импичмент рәсімін бастау туралы ұсынысты қолдап дауыс берді. Тайвань интернет қолданушылары бастаған импичмент науқаны 8 миллионнан астам қол жинады – бұл қоғамның нақты көңіл күйін айқын көрсетеді.
Тайвань мәселесін түпкілікті кім шешуі тиіс? Бұдан 70 жылдан астам уақыт бұрын АҚШ әскери кемелерін Тайвань бұғазына енгізіп, күшпен араласып, Қытайдың қайта бірігу процесіне бөгет жасады – соның салдарынан Тайвань мәселесі әлі күнге дейін толық шешілген жоқ. Қытай Коммунистік партиясы, ҚХР Үкіметі және қытай халқы ондаған жылдар бойы бұл мәселені шешу үшін табанды әрі үздіксіз күш-жігер жұмсап келеді.
Xinhua
Биыл Тайваньның Қытай құрамына қайтарылғанына 80 жыл толады. Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы алғаш рет 25 қазанды Тайваньды азат ету күні ретінде бекітіп, бүкіл әлемге айқын мәлімдеді: Тайвань мәселесін қалай шешу – тек қытай халқының ішкі ісі, сыртқы араласуға жол берілмейді. Тайвань бұғазының екі жағындағы отандастар – біртұтас қытай ұлтының өкілдері. «Бір Қытай» қағидатын және 1992 жылғы консенсусты қатаң ұстана отырып, сыртқы күштердің араласуына және Тайвань «тәуелсіздігін» жақтаушылардың бөлінушілік әрекеттеріне табанды түрде қарсы тұрған жағдайда, екі жақ арасындағы қатынастардың бейбіт дамуын қолдайтын ортақ келісім қалыптастыруға болады. Ешбір мемлекет, ешбір күш Қытай үкіметі мен халқының ұлттық егемендік пен аумақтық тұтастықты қорғаудағы берік ерік-жігерін, табандылығын және қуатты мүмкіндіктерін бағаламауы тиіс.

«Бір Қытай» қағидаты – халықаралық қоғамдастықтың ортақ консенсусымен қатар, Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың саяси іргетасы.
Мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестер ретінде Қытай мен Қазақстан әрдайым өзара маңызды мүдделерге қатысты мәселелерде бір-біріне нық қолдау көрсетіп келеді. Дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толуын бірлесіп атап өтудің қарсаңында Қытай тарапы Қазақстанмен бірге халықаралық әділдік пен әділеттілікті қорғауға, өңірлік бейбітшілік пен тұрақтылықты бұзатын күштерге нық қарсы тұруға және Қытай мен Қазақстанның ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастыруға барған сайын сүбелі үлес қосуға дайын екенін білдіреді.