Франция астанасында қазақ халқының ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған маңызды мәдени іс-шара өтті. Париждің XVI округі мэриясында Қазақстанның Франциядағы Елшілігі мен «Абай» мәдени орталығының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстел Абай мұрасына деген халықаралық құрметтің тағы бір көрінісіне айналды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Рухани байланысты нығайтқан кездесу
Іс-шарада сөз алған Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Абайдың шығармашылығы қазақ халқының рухани өзегі екенін ерекше атап өтті.
– Абайдың философиялық тереңдігі мен адамгершілікке үндейтін өлеңдері халықтар арасындағы мәдени байланысты бекемдеуге мүмкіндік береді. Француз тарапының қолдауымен Париждің XVI округіндегі Ақындар алаңында ұлы ойшылдың бюстінің орнатылуы — осы байланыстардың нақты көрінісі, – деді дипломат.
Француз зиялыларының пікірлері
Франциядағы беделді ғалым, Академиялық пальмалар орденінің иегері, Қазақстанның Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты профессор Альбер Фишлер өз сөзінде былай деді:
«Абайдың идеялары қазіргі заманның өзекті мәселелеріне жауап береді. Оның ой-толғаулары — бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарға үндейді».
Абай шығармаларын француз тіліне тәржімалаған аудармашы Кристин Зеутуниан-Белус Абайдың өлеңдерін аудару барысындағы әсерлі сәттерімен бөлісіп, ұлы ақынның бірнеше туындысын көркем оқып берді.
Абай әндері Париж төрінде шырқалды
Шараның соңында қонақтар үшін Assem Muze есімді әнші музыканттармен бірге Абай әндерін қазақ және француз тілдерінде орындап, көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Абай шығармаларының осындай шетел сахнасында орындалуы оның мәңгілік мұра екендігін тағы бір дәлелдеді.
Абай Францияда – құрметтің символы
Қазіргі таңда Францияда Абай Құнанбайұлының екі бюсті орнатылған. Біріншісі — 2016 жылы Ренн қаласында, екіншісі — 2020 жылы Парижде бой көтерді. Осы ескерткіштер маңында жыл сайын қазақ және француз қауымдастығы жиналып, Абай рухына тағзым етіп, оның шығармаларын дәріптейді.
Абайдың 180 жылдығына арналған бұл шара — тек өткенге тағзым ғана емес, сонымен бірге қазақ мәдениетін Францияда дәріптеудің, халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтудың үлгісі. Париж төріндегі бұл кездесу ұлы ақынның мәңгілік мұрасын тағы бір мәрте әлемге паш етті.