Эстония Президенті NU студенттеріне лекция оқыды

660
Фотосурет: Nazarbayev University

Эстония Президенті Nazarbayev University-де дәріс оқыды, деп хабарлайды DKNews.kz.

17 қарашада Эстония Республикасының президенті профессор Алар Карис Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Nazarbayev University-ге (NU) келді. Оқу орны Times Higher Education рейтингінің нұсқасы бойынша Орталық Азия мен Кавказдың жетекші университеті ретінде мойындалған. Президенттік делегация құрамында Эстонияның Қазақстандағы елшісі Яап Ора, білім және ғылым вице-министрі Ренно Вэйнталь, президенттің кеңесшілері және жетекші эстониялық университеттердің ректорлары болды. Қонақтарды ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен NU президенті Вакар Ахмад қарсы алды.

Алар Карис «Connectivity, Common Interests, and Cooperation» («Байланыс, Ортақ Мүдделер және Ынтымақтастық») тақырыбында дәріс оқыды. Шараға 200-ден астам адам қатысты, оның ішінде мемлекеттік саясат, білім, жасанды интеллект және басқа да салалар бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура студенттері болды.

NU президенті Вакар Ахмад Эстония президентіне университетті таныстыра отырып: «University of Tartu-дың ұзақ және даңқты тарихымен салыстырғанда, біз әлі жас университетпіз. NU жас болғанына қарамастан, әлемдік деңгейдегі университет болуға, елге және өңірге қызмет етуге, сондай-ақ жаһандық мәселелерді шешуге қосқан үлес қосуда», — деді.

Эстония Президенті өз сөзінде білім мен ғылымның мемлекеттің болашағы үшін маңыздылығын атап өтті, Эстония мен Қазақстанның тарихи және мәдени байланыстарына тоқталды, сондай-ақ халықаралық қатынастарда сенім мен нақты ережелердің рөлін ерекше атап көрсетті.

«Мен Қазақстанда болып, алғашқы сөзімді дәл осы жерде, NU студенттері алдында, жеткізіп отырғаныма қуаныштымын. Эстонияның екі университетінің бұрынғы ректоры ретінде мен білім мен оның халыққа пайдасы туралы жақсы түсінемін. Географиялық тұрғыдан біз бір-бірімізден алыс болсақ та, қазақтар мен эстондардың көп ортақ қасиеті бар. Біздің тікелей және жанама байланысатын бай ортақ тарихымыз бар. Екі ел де ежелгі сауда жолдарында болды, көп нәрсені бастан өткердік және көп нәрсеге үйрендік, енді қазір білімімізбен бөлісудеміз», — деді профессор Алар Карис.

Дәрістің бір бөлігін президент жасанды интеллект мәселелеріне, әсіресе оның білім беру саласындағы рөліне, назар аударды. Ол технологияларды сауатты пайдалану және жастарды цифрлық болашаққа дайындаудың маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін біз жаңа заман дүниесі — жасанды интеллектпен танысып отырмыз. Оны игерудің ең тиімді жолы — білімнен бастау: балаларды саналы пайдаланушылар болуға баулу, оларға ЖИ-дың артықшылықтары мен қауіптері туралы айту. Эстонияда біз AI League атты жалпыұлттық бағдарламаны іске қостық, ол мұғалімдер мен оқушыларға арнайы бейімделген ЖИ платформаларын біріктіреді. Қазақстан білім беру саласында электрондық құралдар мен қосымшаларды қолдануда айтарлықтай алға жылжығанын жақсы білемін. Осы орайда екі елдің болашақта ынтымақтастық үшін көптеген ұқсастық пен мүмкіндік барына сенемін», — деп атап өтті президент.

ЖБҒМ министрі Саясат Нұрбек студенттерге арналған дәріс Эстония Президентінің сапары аясында білім және ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашатынын атап өтті.

«Бүгін Эстония Президенті Алар Каристің мемлекеттік сапары мен біздің студенттерге оқыған дәрісі білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашады. Эстония университеттері жоғары сапасымен, мықты зерттеу мектебімен және озық цифрлық шешімдерімен ерекшеленеді. Тарихымызда алғаш рет мемлекет басшылары деңгейінде үкіметаралық келісімге, сондай-ақ академиялық ұтқырлық, студенттер мен оқытушылар алмасуы, бірлескен зерттеулер жөніндегі алты құжатқа қол қойылды. Цифрландыру және PISA көрсеткіштері бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болып саналатын Эстониядан үйренеріміз көп. Бұл келісімдер біздің жоғары оқу орындарының ұзақ мерзімді әріптестігіне берік негіз қалайды»,деді министр Саясат Нұрбек.

Одан кейін Эстония президенті NU-дың Қонақтар кітабына жазба қалдырды және кампусқа экскурсия жасап, оның ішінде KazLLM атты алғашқы қазақша тілдік модельді жасаған Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының ЖИ саласындағы әзірлемелерімен танысты.

Еуропалық президенттің университетке сапары Қазақстан мен Эстония ректорлары форумының ашылуымен аяқталды. Бұл форумда екі елдің жоғары білім және ғылым вице-министрлері мен оқу орны ректорлары аталған саладағы ынтымақтастық перспективаларын талқыламақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -