Бейжіңде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволар баспасөз хатшыларының консультациялары өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының штаб-пәтерінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрліктерінің ақпараттық қызметтерінің жыл сайынғы консультациялары өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Айбек Смадияров қатысты.
Консультациялар барысында ШЫҰ Хатшылығы өткен жылдағы ақпараттық жұмыстың қорытындыларын ұсынды. Қатысушылар бірлескен жобаларды жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісіп, ресми материалдарды жариялауда ашықтық пен жеделдіктің маңыздылығын атап өтті.
А.Смадияров «контент келісімділігі мен негізгі хабарламалардың синхрондалуы Ұйым ішіндегі сенімді нығайтуға және халықаралық аренада біртұтас ақпараттық майдан құруға мүмкіндік беретінін» атап өтті. Сондай-ақ ол Қытай тарапы мен ШЫҰ Хатшылығына іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және ақпараттық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған конструктивті алаң ұсынғаны үшін алғыс білдірді.
Қытай тарапы ШЫҰ аясындағы қазіргі төрағалығы шеңберіндегі медиажобалар шолуын ұсынып, Тяньцзинь қаласында өтетін Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары саммитін ақпараттық сүйемелдеу жоспарын таныстырды. Талқылауға қатысқан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрліктерінің бейінді құрылымдарының басшылары мультимедиялық трансляцияның жаңа форматтарын енгізу және Ұйымның цифрлық платформалардағы жұмысын күшейту жөнінде ұсыныстар айтты.
Қазақ дипломаты ШЫҰ-ның ақпараттық күн тәртібіне жас журналистер мен блогерлерді белсенді тартудың маңыздылығына назар аударып, бұл аудиторияны кеңейтуге және Ұйым қызметіне жастардың тұрақты қызығушылығын қалыптастыруға септігін тигізетінін айтты.
Сонымен қатар ақпараттық өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары бойынша пікір алмасу өтті. Ерекше назар «Шанхай рухы» қағидаттарын бірлесіп қолдауға, сондай-ақ өңір елдеріндегі жалған ақпаратпен күреске аударылды.
Кездесу соңында қатысушылар консультациялар хаттамасына қол қойып, мұндай форматтағы кездесулердің сыртқы саяси маңызды оқиғаларды жариялауға арналған келісілген тәсілдерді әзірлеу мен Ұйымның бірыңғай ақпараттық кеңістігін одан әрі нығайту үшін маңызды алаң екенін атап өтті.