Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Халықаралық шаңғы спорты федерациясының (FIS) фристайл бойынша рейс директоры Андреа Ринальдимен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесу барысында тараптар шаңғы спорт түрлерін, оның ішінде фристайлды халықаралық деңгейде және елімізде дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Әсіресе, елімізде өтетін халықаралық ірі турнирлерге ерекше назар аударылды. Мәселен, биылғы қаңтарда Алматыда ел тарихында алғаш рет фристайлдың могул және акробатика түрлерінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Андреа Ринальди чемпионаттың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, Дінмұхамед Райымқұлов пен Анастасия Городконың өнерін жоғары бағалады. Сонымен қатар ол Қазақстанды шаңғы спорт түрлері бойынша әлемнің үздік төрт елінің қатарына жатқызатынын айтты.
FIS-тің фристайл бойынша рейс директоры аталған жетістіктерге мемлекет тарапынан жүйелі қолдау мен Қазақстанның шаңғы спорт түрлері қауымдастығының Халықаралық шаңғы спорты федерациясымен тиімді ынтымақтастығының нәтижесінде қол жеткізілгенін атап өтті.
Жиын соңында тараптар тығыз әріптестікті сақтап, спортшыларды қолдау және фристайлды дамыту бағытындағы тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.
Айта кетейік, Ербол Мырзабосынов Мемлекет басшысының халықаралық спорт федерацияларымен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес бүгінге дейін бірқатар ұйым басшылығымен кездескен болатын.
Елімізге Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари, Азия ауыр атлетика федерациясының Техникалық комитетінің төрайымы Ольга Соловьева, Халықаралық су спорты федерациясының президенті Хусейн Әл-Мусаллам, Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визер, Біріккен күрес әлемі халықаралық федерациясының президенті Ненад Лалович және өзге де лауазымды тұлғалар ресми сапармен келді.
Еске салсақ, Милан-2026 қысқы Олимпиадасының басталуына 206 күн қалды.