IATA-ның вице-президенті: Қазақстан Орталық Азиядағы авиация көшбасшысы бола алады

1749
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Air Astana

Әлемдік авиация қарқынды өзгеріп жатыр. Жаңа сын-қатерлер, жасыл технологиялар, жолаушылар ағынының өсуі мен ауқымды инфрақұрылымдық жобалар – осының барлығы биыл Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) 80-ші Бас ассамблеясында кеңінен талқыланды. Бұл қала – әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан авиациялық хабтардың бірі.

Осы жанданып тұрған, пікір алмасуға толы алаңда біз жаһандық және өңірлік авиациялық саясат тоғысындағы маңызды тұлғалардың бірі – IATA-ның Еуропа бойынша аймақтық вице-президенті Рафаэль Шварцманмен тілдестік. Оның тәжірибесі – ондаған жылдарға созылған авиация мен логистика саласындағы жұмыс, сондай-ақ түрлі елдердің үкіметтерімен және авиациялық реттеуші органдармен тығыз ынтымақтастық.

Біз тек жаһандық үрдістер туралы ғана емес, авиация саласы биікке самғап келе жатқан Қазақстан туралы да сөз қозғадық.

– Биылғы Бас ассамблеядан сізге ең қатты есте қалған не болды – жалпы әлемдік ауқымда және әсіресе Орталық Азия үшін?

– Бас ассамблеядан есте қалған басты жайт – оның Үндістанда өткені. Бұл ел қазір авиацияда аса ірі серпіліс алдында тұр. Air India мен Indigo компанияларының өршіл жоспарлары Үндістанның авиациялық байланыстығын ел экономикасының өсуімен қатар дамытады. Премьер-министр Модидің бізге арнайы үндеу жасауы да – Үкіметтің осы көзқарасты бөлісетініне айқын дәлел. Орталық Азияға келсек, бұл – өсу әлеуеті ұқсас өңір. Бірақ Үндістан сияқты, мұнда да авиацияның экономикалық маңызын түсінетін және саланың дамуына қолдау көрсете алатын үкімет қажет.

– 2024 жылы Қазақстан авиакомпаниялары 14,7 миллион жолаушы тасымалдады. Бұл – 10 пайыздан астам өсім. Сіз бұл көрсеткіштерге қалай қарайсыз?

– Жыл сайынғы 10 пайыздан астам өсіммен Қазақстан алдағы 20 жылда дамушы өңірлер үшін болжанып отырған әлемдік орташа көрсеткіштен шамамен екі есе жылдам дамуда. Егер осы өсу траекториясы сақталса, Қазақстан Орталық Азияда жетекші орынға шыға алады.

©️Turar Kazangapov/Tengrinews

– Air Astana компаниясы өңірдегі жетекші әуе тасымалдаушы ретінде өз позициясын сақтап келеді. Сіз оның рөлін қалай бағалайсыз?

– Air Astana – Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші әуе компаниясы және Еуропалық Одаққа ұшуға рұқсаты бар небәрі екі қазақстандық тасымалдаушының бірі. Осы мәртебесінің арқасында ол өңірде жаһандық қауіпсіздік стандарттарын енгізуде көш бастап отыр және Қазақстан мен бүкіл өңірдің әлеммен байланысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

©️Air Astana

– Ассамблеяда негізгі тақырыптардың бірі – тұрақты авиациялық отын (SAF) болды. Бұл бағытты болашағы бар деп санайсыз ба? Қазақстан бұл үдерісте өз орнын таба ала ма?

– SAF – авиацияны көміртексіздендіру үшін негізгі құрал екені бұрыннан белгілі. Біз 2021 жылы көмірқышқыл газының шығарындыларын 2050 жылға қарай нөлге түсіру мақсатын белгілегеннен бері SAF-тың маңызы одан әрі арта түсті – қажетті көміртек қысқартуының кем дегенде 65 пайызы осы отын есебінен жүзеге асуы тиіс. Бұл шамамен 450 миллиард литр SAF. Қазіргі өндіріс көлемі – небәрі 2,5 миллиард литр, яғни алда үлкен жол жатыр. Бұл – бір жағынан қиындық, екінші жағынан – өз SAF индустриясын құрып, экспорттық әлеуетке ие болғысы келетін мемлекеттер үшін зор мүмкіндік. Қазақстанда SAF өндірісіне қажетті шикізат қоры жеткілікті, сондықтан біз Үкіметке SAF стратегиясын жасап, осы қарқынды дамып келе жатқан энергетикалық секторға инвестиция тарту тетіктерін қарастыруды ұсынамыз. Ең бастысы – өндірілетін SAF Jet A-1 стандарттарына сай болуы тиіс. Сонда ғана ол ЕО сияқты ірі экспорттық нарықтарда қолдануға жарайды.

IATA

– Нью-Делиде Алматы халықаралық әуежайын жаңғыртуға бағытталған 362 миллион долларлық инвестициялық жоба жарияланды. Бұл бастама туралы не ойлайсыз?

– Нарық қажеттілігіне сай әрі тиімді әуежай инфрақұрылымына салынатын инвестицияны біз құптаймыз. Алматыда жақында жаңа жолаушылар терминалы ашылды, енді әуежай жолаушылар ағынының өсуімен қатар дами беруі маңызды.

TAV Airports

– Биылғы Ассамблея қорытындысы бойынша Қазақстанның авиация саласына және жолаушыларына қандай жолдауыңыз бар еді?

– Өсім мен әуе байланысты ашудың кілті – жаһандық стандарттар. Қазақстандық әуе компаниялары, әсіресе қауіпсіздік саласында, халықаралық стандарттарды барынша енгізуі керек. Үкімет саланың күтілетін өсуін қадағалай алатын мықты реттеуші әлеует қалыптастыруға инвестиция салуы тиіс. Сонымен қатар авиапаркті жаңартуға, әуежайлар мен аэронавигациялық қызметтерді заманауи деңгейге көтеруге мүмкіндік беру қажет. Егер осының бәрі жүзеге асса, Қазақстаннан және Қазақстанға сапарлайтын жолаушылар үшін бағыттар саны көбейіп, қызмет сапасы жаңа деңгейге шығады.

Қазақстанның авиация саласы Орталық Азиядағы ең серпінді бағыттардың біріне айналып келеді. Тұрақты өсім, халықаралық стандарттарға бейімделу, стратегиялық инвестициялар мен тиімді географиялық орналасу елді өңірлік хабқа айналдыруға мүмкіндік береді.

freepik/shutterstock

Ең бастысы – осы мүмкіндікті дер кезінде пайдалану. Рафаэль Шварцман атап өткендей, табысты авиациялық экожүйе – мемлекеттің көреген саясаты мен саланың бірігіп жұмыс істеуіне тікелей байланысты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -