Париж қаласындағы ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдардың жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов Халықаралық заңнамалық метрология ұйымы (ХЗМҰ) Бюросының директоры Энтони Доннеланмен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бүгінде 131 мүше мен бақылаушы мемлекетті біріктіретін үкіметаралық ұйымның басшысы Қазақстан Республикасына метрологтардың жаһандық қауымдастығындағы белсенді рөлі мен Дүниежүзілік метрология күніне ЮНЕСКО жүйесінде жоғары мәртебе беруін қоса алғанда халықаралық деңгейде көрсетіп жүрген ұдайы қолдауы үшін алғыс білдірді.
Қазақ дипломаты өз кезегінде ұлттық экономиканың дамуы үшін ерекше маңызды бұл салада түрлі елдердің мамандары арасындағы нақты ынтымақтастықты жалғастыруға Қазақстанның бейілділігін қайта қуаттады.
Осыған байланысты тараптар 2025 жылғы қазанда Парижде өтетін Ұйымның жоғарғы басқарушы органы ХЗМҰ Конференциясының 17-сессиясына Қазақстанның мазмұнды қатысуына дайындық мәселелері бойынша пікір алмасты.
Халықаралық заңнамалық метрология ұйымы (ХЗМҰ) 1955 жылы осы Ұйымды құру туралы Конвенцияға сәйкес құрылған. Қазіргі уақытта ұйым құрамына 65 мемлекет мүше (оның ішінде Қазақстан) және 66 бақылаушы мемлекет кіреді. Ұйымның негізгі мақсаты – елдер қолданатын заңнамалық метрология рәсімдерін үйлестіру. ХЗМҰ ұлттық және өңірлік талаптарды әзірлеу бойынша метрологиялық ұсынымдар береді. Бұл талаптар өлшеу құралдарын заңнамалық метрология қолданатын нақты салаларда, соның ішінде, сауда, денсаулық сақтау, экология, кедендік бақылау, пошта қызметі, өндіріс пен көлік қауіпсіздігі және басқа да салаларда тиімді қолдану мәселелерін қамтиды.