«Каспий» биржасы ESG рейтингін жақсартып, S&P Global бағалауында 60 балл жинады, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Каспий» тауар биржасы» АҚ корпоративтік тұрақтылық бойынша халықаралық беделді агенттік S&P Global-дан 2025 жылға арналған кезекті бағалауды алды.
S&P Global-дың Corporate Sustainability Assessment (CSA) қорытындысы бойынша, компания 100 балдық шкалада 60 балл жинап, былтырғы нәтижесін 19 балға жақсартты.
Бұл көрсеткіш «Каспий» биржасының әлемдік қаржы компаниялары арасындағы беделін тағы бір мәрте дәлелдеді. Компания 95-процентильге енді – яғни S&P скорингіне қатысқан сала өкілдерінің 95%-ынан жоғары нәтиже көрсетті.
«Біз үшін ESG – жай ғана талап емес, бұл компанияның ішкі мәдениетінің бір бөлігі. Жауапты бизнес жүргізу, ашықтық пен орнықты даму принциптерін ұстану – біздің басты басымдықтарымыздың бірі», – деп атап өтті биржа өкілдері.
S&P Global берген жоғары ESG скорингі «Каспий» биржасының экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық тұрақтылыққа шынайы көңіл бөлетінін, сонымен қатар БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына нақты үлес қосып отырғанын көрсетеді.
Бағалау нәтижесі ашық түрде жарияланған және S&P Global-дың ресми сайтында барлық стейкхолдерлер үшін қолжетімді.
Неліктен бұл маңызды?
Бүгінде ESG стандарттарына сай жұмыс істейтін компанияларға деген сұраныс артып келеді. Инвесторлар да, серіктестер де тұрақты дамуға бағытталған ұйымдарға сенім білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда, «Каспий» биржасының жетістігі – Қазақстан үшін де, аймақтық нарық үшін де маңызды көрсеткіш.