Қазақстан мен Өзбекстан СІМ басшылары телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен телефон арқылы сөйлесті.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары екіжақты қатынастардың өзекті мәселелерін және олардың одан әрі даму перспективаларын, сондай-ақ биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты достық пен тату көршілік рухында жан-жақты нығайтуға өзара дайындық расталды.
Тараптар өңірлік кооперацияны, сондай-ақ Орталық Азиядағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бірлескен күш-жігерді тереңдетудің маңыздылығын атап өтіп, Таяу Шығыстағы жағдайды қоса алғанда, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарын теңестірді».
Сұхбат барысында министрлер ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған алдағы іс-шаралар кестесін де қарастырды.