Қазақстан мен БАӘ цифрлық және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуда, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасының Елшісі Р.Жұмабек Біріккен Араб Әмірліктерінінің Жасанды интеллект, цифрлық экономика және қашықтан жұмыс істеу қосымшалары жөніндегі мемлекеттік министрі Омар бен Сұлтан әл-Оламамен кездесті.
Кездесу барысында тараптар цифрландыру, цифрлық экономика және жасанды интеллект салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға, әсіресе қазақстандық IT мамандардың БАӘ нарығына шығу мәселесіне ерекше назар аударды.
Елші ү.ж. 8 қыркүйекте ҚР Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауын жариялағанын, оның барысында жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны дамыту мәселелеріне ерекше мән берілгенін жеткізді. Жолдауды жүзеге асыру аясында жақын арада Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатыны аталып өтті.
Сонымен қатар, қазақ дипломаты ү.ж. 13-17 қазан аралығында Дубайда өтетін ең ірі GITEX Global 2025 технологиялық көрмесіне Қазақстанның қатысуы жоспарланғанына назар аударылды.
Өз кезегінде, министр өзіне жүктелген бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниет білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды уақытылы және сапалы жүзеге асыруға келісті.