Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі басталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Форум жұмысына әлемнің 60 елінен жүзден астам өкіл қатысуда. Олардың қатарында әлемдік діндер көшбасшылары, халықаралық ұйым өкілдері, сарапшылар, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері бар.
Форум аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Дүниежүзілік Ислам лигасы, ICESKO, ЕҚЫҰ және Иран Президенті жанындағы Мәдениет және ислам байланыстары ұйымының жетекшілерімен және өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Келіссөздер халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен мәдениеттер және діндер арасындағы жаһандық диалог жүргізуге жол ашты.
Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы шейх Мұхаммед бен Абдулкарим Әл-Исамен кездесу барысында бейбітшілік жолындағы конфессияаралық диалог пен әріптестікті кеңейтуге қатысты ауқымды мәселелер талқыланды.
Әңгіме барысында Аида Балаева діндердегі алуандықты мойындауға және құрметтеуге бағытталған Дүниежүзілік ислам лигасының сан салалы қызметін атап өтті. Министр биыл сәуірде Сауд Арабиясында Лига бастамасымен өткен «Дін лидерлері әділетті әрі қауіпсіз әлем үшін» атты дөңгелек үстелдің жемісті өткенін тілге тиек етті.
«Дүниежүзілік ислам лигасы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің хатшылығы бірлесіп ұйымдастырған мұндай іс-шара қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында халықтар мен діндер арасындағы байланыстарды нығайтуда маңызды қадам болды. Сындарлы диалог әрі қарай жалғасып, ортақ құндылықтарды насихаттауға бірге үлес қосамыз деп үміттенеміз» Аида Балаева
Өз кезегінде шейх Мұхаммед бен Абдулкарим Әл-Иса түрлі сенімге сыйластықпен қарау және исламның биік этикалық құндылықтарын насихаттауда Қазақстан жастарына жоғары баға берді.
ICESKO Бас директоры Сәлім әл-Мәлікпен кездесуде Аида Балаева Қазақстанның «Ою-Өрнек» номинациясын Ислам әлемі мұрасының тізіміне енгізу жөнінде ұсыныс білдірді. Министр дәстүрлі қазақ ою-өрнегі халықаралық деңгейде мойындалуға лайық екенін атап өтті.
Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени ынтымақтастық перспективалары Иран Ислам Республикасы Президенті жанындағы Мәдениет және ислам байланыстары ұйымының президенті Мохаммад Мехди Иманипурмен кездесуде талқыланды. Тараптар екіжақты әріптестіктің стратегиялық сипатын атап өтіп, оның дамуы екі ел көшбасшыларының ықыласы мен тұрақты саяси диалог арқылы нығайып келе жатқанын жеткізді.
ЕҚЫҰ Жоғарғы комиссары Кристоф Камппен кездесуде Аида Балаева этносаралық келісім және ұлттық азшылықтардың құқығын қорғау мәселелеріне назар аударды. Министрдің айтуынша, Қазақстан көпұлтты мемлекет ретінде этносаралық және конфессияаралық келісімді дамытуға айрықша мән береді. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023–2033 жылдарға арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін дамыту тұжырымдамасын әзірлеу бастамасы сенім мен өзара түсіністікті нығайтудың, соның ішінде ЕҚЫҰ аясында да, тиімді құралы бола алатынын атап өтті.