NUARC 2025 Nazarbayev University-де: жаңа білім, әріптестік пен мүмкіндіктер

902
Фотосурет: NU

NU-да жас ғалымдардың қатысуымен ауқымды ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Nazarbayev University қабырғасында жыл сайын өтетін Annual Research Conference 2025 ғылыми конференциясы басталды. Бұл шара Қазақстаннан және өзге елдерден келген ғалымдар, зерттеушілер мен студенттерді бір алаңда жинайды. Биылғы конференцияның тақырыбы — «Empowering Innovation: Nurturing Kazakhstan’s Next Gen Researchers» — жаңа буын зерттеушілерін қалыптастырудағы ұстаздардың қолдауы мен тәжірибе жинаудың маңызына арналған.

NU-дың ғылыми жұмыс және инновациялар жөніндегі вице-провосты Жұмабай Бәкенов ашылу салтанатында былай деді:

«Бүгінгі NUARC 2025 тұрақты даму және инновациялар қағидаттарына адалдығымыздың көрінісі ретінде толықтай цифрлық форматта өтіп жатыр. Биыл біз постерлер мен таратпа қағаздардан бас тартып, конференция бағдарламасын QR-код арқылы онлайн қолжетімді еттік. Постерлік сессиялар цифрлық нұсқада ұсынылуда, ал ISSAI-дағы әріптестеріміз әзірлеген TilSync қосымшасы аудионы бір мезетте тануға мүмкіндік беріп, конференцияны барынша қолжетімді етті. Сондай-ақ пленарлық отырыстар мен панельдік пікірталастардың барлығы YouTube арқылы тікелей эфирде көрсетілуде. Мұндай тәсіл аудиторияны кеңейтіп қана қоймай, экологияға жүктемені азайтады әрі технологияны зерттеу жұмыстары мен білім алмасудың барлық сатысына енгізуге мүмкіндік береді»

Биылғы конференцияның басты ерекшелігі — панельдік пікірталастар. Оған мемлекеттік органдар, бизнес, азаматтық қоғам өкілдері мен ғалымдар қатысты. Талқылаулар кезінде институционалдық реформалар, ESG тәжірибелері, климаттық қаржыландыру және адами капиталды дамыту мәселелері көтерілді.

NU Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің қауымдастырылған профессоры Дина Шәріпова:

«Бұл конференцияны екінші рет өткізіп отырмыз және оны дәстүрге айналдыруға ниеттіміз, себебі ол нақты нәтижелер беріп отыр. Жас ғалымдар өз жобаларын таныстырып, пәнаралық зерттеу жұмыстары үшін серіктес табуда, кәсіби желілерін кеңейтіп, жаңа ынтымақтастық орнатуда. Бұл тек Қазақстан аясында ғана емес, халықаралық деңгейде жүзеге асуда. NUARC-тың басты мақсаты да осы — түрлі ғылыми бағыттар тоғысатын және жаңа идеялар туындайтын алаң құру»

Түстен кейінгі сессияда филиалдардан бастап тәуелсіз институттарға дейін Қазақстандағы шетелдік университеттердің қызметі талқыланды. Бұл — маңызды мәселе: мұндай модельдер ұлттық зерттеу экожүйесіне қалай ықпал етеді, елдің басымдықтарына сай келе ме және жас ғалымдар үшін қандай мүмкіндіктер ашады. Осы пікірталастардың барлығы NUARC 2025-тің басты идеясын айқындайды — ғылым, экономика және қоғамның болашағын қалыптастыратын сын-қатерлерге ынтымақтастық пен инновациялар арқылы жауап табу.

NUARC 2025 — тек тар аяда өтетін жиын емес, көптеген ғылыми бағытты қамтитын және зерттеу институттарының қолдауына ие болған ауқымды алаң.

Конференция бағдарламасында постерлік және ауызша сессиялар, пленарлық баяндамалар, панельдік пікірталастар мен интерактивті шеберлік сабақтары бар. Қатысушылар жаңа білім алып қана қоймай, зерттеу дағдыларын дамытады, ғылымның өзекті мәселелері мен болашағын талқылайды және жаңа ынтымақтастыққа жол ашады.

NU Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің профессоры Эссам Шехаб қорытынды сөзінде былай деді:

«Біздің мақсатымыз — Қазақстандағы жас зерттеушілер өз жетістіктерін ғана көрсетіп қоймай, жаһандық ғылыми қауымдастықпен белсенді түрде байланыс орната алатын орта қалыптастыру. Мұндай конференциялар ұлттық ғылыми экожүйені нығайтып, инновацияларды ынталандырып, елдегі ғылымның болашағын айқындауда ерекше рөл атқарады деп сенеміз»

Биылғы конференцияға NU Impact Foundation қолдау көрсетті. Олардың көмегімен халықаралық сарапшылар мен спикерлер шақырылып, іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -