Таиландтың жетекші жоғарғы оқу орны – Чулалонгкорн университеті Орталық Азияны зерттеу бөлімін ашады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Таиланд астанасында Қазақстан Республикасының Елшілігі мен Таиландтың Сыртқы істер министрлігінің бірлескен ұйымдастыруымен алғаш рет Орталық Азия күні өткізілді. Іс-шара елдің жетекші оқу орны – Чулалонгкорн Корольдік университетінде өтті.
Басты жаңалық – университет басшылығының Орталық Азияны зерттеу бөлімін ашатыны туралы мәлімдеуі болды. Өнер факультетінің деканы, профессор Сурадетч Чотиудомпанттың айтуынша, жаңа бөлім Таиланд пен Орталық Азия елдері арасындағы академиялық ынтымақтастыққа, ғылыми зерттеулерге және мәдени алмасуға арналған алаңға айналмақ.
Таиланд СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Понгпрах Макчан Тай делегациясының Қазақстанға мақсатты сапарын дайындау туралы хабарлады, оның шеңберінде университеттер мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдерімен кездесулер жоспарланған.
Мерекелік шарада Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан ұлттық павильондары жұмыс істеді. Қазақстан екі павильон ұсынды: біріншісі қонақтарды мәдени мұра, дәстүрлі кәдесыйлар және тұрмыс элементтерімен таныстырды, ал екіншісі, «Air Astana» әуе компаниясы мен «Pearl Vacation» туристік агенттігімен бірлесіп дайындалған, елдің туристік әлеуетін және жаңа саяхат мүмкіндіктерін таныстырды.
Қонақтар қазақ халқының мәдениетімен, дәстүрлерімен жақынырақ танысып, ұлттық тағамдардан дәм татуға мүмкіндік алды. Концерттік бағдарламада жергілікті халық шығармашылығы ансамблі «Катюша» орындаған «Аққу», «Арулар», «Көшбазар» билері және университет студенттері шырқаған Серік Мұсалимовтың «Менің Қазақстаным» әні ұсынылды.
Орталық Азия күніне шамамен 300 адам қатысты. Олардың қатарында дипломаттар, Таиландтың мемлекеттік органдарының өкілдері, академиялық және іскер топтар, сондай-ақ кең жұртшылық болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шара мәдени байланыстарды нығайтуға, ғылыми-білім беру жобаларын дамытуға, гуманитарлық және туристік ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия өңірінің Таиландтағы оң имиджін ілгерілетуге маңызды алаңға айналды.
Чулалонгкорн университеті (Chulalongkorn University) – Таиландтың ең көне әрі жетекші университеттерінің бірі. 1917 жылы король Рама VI әкесі, король Чулалонгкорнның (Рама V) құрметіне негізін қалаған. Бүгінде бұл елдегі ең ірі ұлттық зерттеу орталығы, халықаралық рейтингілерде тұрақты түрде жоғары орындарға ие. Университет білім беру бағдарламаларының кең спектрін ұсынып, халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытады, Таиландтың академиялық және ғылыми прогресінің флагманы болып саналады.
2024 жылы Таиланд пен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 237 млн. АҚШ долларын құрады, бұл Таиландтың Орталық Азия елдерімен жалпы сауда айналымының (шамамен 340 млн. АҚШ доллары) 70%-ына тең.