Үкімет Қазақстандық тауар өндірушілер реестрін енгізудің өтпелі кезеңін 2026 жылғы 1 сәуірге дейін ұзартуды қарастыруда, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кәсіпкерлік қауымдастықты қолдау мақсатында Үкімет Қазақстандық тауар өндірушілер реестрін енгізу бойынша өтпелі кезеңді 2026 жылғы 1 сәуірге дейін ұзарту мәселесін қарастыруда.
Аталған шара отандық өндірушілер мен сатып алу үдерістері үшін тәуекелдерсіз, кезең-кезеңімен әрі орнықты көшу қажеттігі туралы бизнес қауымдастығының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы білдірген ұсыныстарын ескере отырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты аясында жүйелі реформаларды іске асыру мақсатында пысықталуда.
Қазіргі таңда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, реестрдің жұмыс тетіктерін одан әрі жетілдіру бойынша консультацияларды жалғастыруда. Бүгінде ел бойынша индустриялық сертификаттары бар шамамен 1 800 кәсіпорын тіркелген, олар барлығы 62 мыңнан астам өнім атауын қамтиды. Ал СТ-KZ сертификаттары қолданылса енгізілген кезеңнен бері елімізде 3 500-ден астам сертификат иесі тіркелген.
Өтпелі кезеңді енгізу бірнеше реформалардың қатар жүзеге асырылуына байланысты тәуекелдерді төмендетуге, өңделмей қалған өтінімдердің алдын алуға, техникалық ақауларды барынша азайтуға, өнімнің мәртебесі мен шығу тегін уақтылы растауға, сондай-ақ кәсіпорындардың мемлекеттік қолдау шараларына және реттелетін сатып алуларға үздіксіз қол жеткізуін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл шешім өндірістік тізбектердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, жаңа жүйені енгізу кезеңінде бизнес-қоғамдастық үшін анағұрлым болжамды жағдай қалыптастырады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы уәкілетті мемлекеттік органдармен, салалық қауымдастықтармен және бизнес өкілдерімен жұмыс тәртібінде тұрақты негізде өзара бірлесе жұмыс істеп, Қазақстандық тауар өндірушілер реестрін енгізуге қатысты мәселелерді талқылауға белсенді қатысуда. Палата комитеттер шеңберінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді және алдағы уақытта да кәсіпкерлік қауымдастықты аталған мәселенің даму барысы туралы хабардар етіп отырады.