Болашақ офицердің алғашқы қадамы Амангелді Ернұр Данабекұлы – Ұлттық ұлан академиясына апарған арман жолы

2112
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Қазақ елінің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең мәртебелі міндеттердің бірі. Бұл жауапкершілік иыққа тек жүрегі мықты, рухы биік, азаматтық борышқа адал жастардың ғана лайық екенін өмір көрсетіп келеді. Бүгінде дәл осындай жастардың басты таңдауы – Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан академиясы. Бұл оқу орны – тек офицер даярлайтын білім ордасы ғана емес, нағыз ерік-жігер мектебі, шынайы тәртіп пен отансүйгіштіктің шыңдалатын ортасы.

Сол асқақ армандарға жол ашқан жастардың бірі – Амангелді Ернұр Данабекұлы, Ұлттық ұлан академиясының 2-курс курсанты.

Ол 2006 жылдың 14 қазанында Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Тараз қаласында дүниеге келген. Тәрбиелі отбасында өскен Ернұр бойына кішіпейілділік пен еңбекқорлықты, тәртіп пен ар-намысты жастайынан сіңіріп келеді.

Ернұр бала күнінен спортқа бейім болды. Бокс оған тек күш емес, жеңіске деген жігер, өзін-өзі жеңе білу, тәртіп және жауапкершілік сыйлады. Ернұрдың ең алғашқы жетістіктерінің бірі — бокстан спорт шеберлігіне үміткер атануы.

Бұл жетістік – оның болашақ офицерге тән қасиеттерге ие екенін дәлелдейді

«Бокс маған тек спорт үйреткен жоқ, ол төзімділікке, тәртіпке, шыдамдылыққа баулыды. Ешқашан берілмеуді үйретті», — дейді жас спортшы

Алайда Ернұр үшін спорт — үлкен жолдың бастамасы ғана еді. Ол бала кезінен елге қызмет етуді, әскер қатарында абыроймен еңбек етуді армандады.

Ернұрдың әскери өмірге қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталып, уақыт өте келе нақты мақсатқа айналды. Әсіресе, 11-сыныпта оқып жүрген кезінде олардың мектебіне форма киген әскери қызметшілер келіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясы туралы, курсанттардың күнделікті өмірі мен әскери қызметтің мәні жайында әсерлі әңгіме жүргізді. Сол кездесуде айтылған әрбір сөз Ернұрдың жүрегіне терең әсер қалдырды. Әскерилердің тік бейнесі, салмақты сөзі, Академиядағы тәртіп пен білім беру жүйесі жас түлекті ерекше қызықтырып, оның санасында жаңа арманның оянуына себеп болды.

Ол Академия туралы алғаш естіген сәттен-ақ, бұл оқу орнының мәртебесін, болашақ офицерге берер мол мүмкіндігін сезінді. Кездесуден кейін Ернұр Ұлттық ұлан академиясы туралы толық ақпаратты Академияның ресми сайты арқылы іздеп, қабылдау талаптары, оқу ерекшеліктері, мамандықтар және курсант өмірі жөнінде тереңірек таныса бастады. Осылайша әскери өмір жайлы қызығушылық шынайы мақсатқа айналды.

«Ұлттық ұлан академиясына түсу – жай ғана таңдау емес, бұл – өмірлік шешім. Сол сәтте мен өз жолымды анық тапқанымды түсіндім», — дейді Ернұр

Сол күннен бастап ол академияға түсуді ең басты мақсатына айналдырды. Қабылдау талаптарын зерттеп, медициналық және психологиялық іріктеу кезеңдерінен қалай өту керектігін жіті қарап, өзіне нақты жоспар құрды. Бұл – болашақ офицердің алғашқы әрі ең маңызды қадамы еді.

Академияға түсу жеңіл жол емес. Әр талапкер міндетті түрде: медициналық тексерістен; психологиялық іріктеуден; кәсіби-тұлғалық бағалаудан; дене шынықтыру нормативтерінен жоғары нәтижемен өтуі қажет.

Ернұр осы сынақтардың барлығынан сүрінбей өтті. Бұл оның жылдар бойы жинаған тәжірибесінің, спортпен айналысып шыңдаған ерік-жігерінің және алға қойған арманына деген адалдығының нақты көрінісі еді.

Сол арманы оны бүгінгі таңда Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясына алып келді.

Қазіргі таңда 2-курс курсантты атанып, Ернұр офицер болудың күрделі де жауапты жолында. Академия қабырғасында ол әскери дайындықтың қыр-сырын меңгеріп, көшбасшылық пен темірдей тәртіпті бойына сіңіріп келеді. Командалық жауапкершілік, тәртіп пен тұрақтылық — болашақ офицердің басты қасиеті екенін ол күнделікті тәжірибесінде дәлелдеп жүр.

Ернұрдың ең үлкен арманы — Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында адал қызмет етіп, ел тыныштығын қорғау. Ол үшін офицер болу – жай қызмет емес, бұл адалдық пен батылдықтың, рух биіктігінің белгісі.

«Елге қызмет ету – әрбір азаматтың міндеті. Мен болашақта Ұлттық ұлан сапында өз арым мен намысыма лайық қызмет атқарғым келеді», — дейді жас курсант

Болашақ офицердің алғашқы қадамы – міне, осылай басталады. Ал алға қойған мақсат айқын болса, оған жеткізетін жол да анық.

​​​​​​​Егерде сіз Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясы туралы толығырақ ақпарат алғыңыз келсе, төмендегі сілтеме немесе QR-код арқылы өтіп, толық мәліметпен таныса аласыз.

https://www.ang.edu.kz/rus/

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -