Қазақстан Сыртқы істер министрі БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық 80-сессиясына қатысу аясында АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландау, сондай-ақ Того, Аустрия, Оман, Армения, Беларусь және Кипрдің сыртқы істер министрлерімен екіжақты кездесулер өткізді.
К.Ландаумен өткен кездесуде тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын талқылады. Екі мемлекет арасындағы әріптестіктің өзара сенім мен мүддеге негізделген тұрақты оң серпінге ие екені аталып өтті.
М.Нұртілеу Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестіктің маңыздылығын тоқтала отырып, Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі экономика және маңызды еуразиялық хаб ретінде аймақтағы АҚШ-тың экономикалық қатысуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Того Корольдігінің Сыртқы істер, аймақтық интеграция және шетелдегі тоголез азаматтарының істері жөніндегі министрі Роберт Дюссемен өткен кездесуде екіжақты қатынастардың дәйекті түрде дамып келе жатқаны аталып өтті. Кездесу қорытындысы бойынша дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойылды.
Аустрия Республикасының Еуропалық және халықаралық істер жөніндегі федералды министрі Беата Майнль-Райзингермен саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-аустриялық ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегі талқыланды. Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес аясындағы өзара іс-қимылды жандандырудың және екіжақты диалогты күшейтудің маңыздылығы аталып өтті.
Оман Сұлтанатының Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаидимен өткен кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы әріптестікті тереңдету мәселелеріне баса назар аударылды. Тараптар тұрақты даму мен жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін халықаралық ұйымдар шеңберінде іс-қимылды үйлестірудің маңыздылығын жеткізді.
Армения Республикасының Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянмен өткен келіссөздер барысында екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралды. Армения Премьер-министрінің Қазақстанға алдағы ресми сапарына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды.
Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі Максим Рыженковпен кездесуде саяси диалогтың дәйекті дамуы мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Қазақстан мен Беларусь гуманитарлық байланыстар мен өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілік білдірді.
Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Константинос Комбоспен кездесу барысында өзара сапарлардың қорытындылары талқыланып, көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары белгіленді. Қазақстан Кипрдің Еуропалық Одақ Кеңесіне алдағы төрағалығы аясында өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін білдірді.
Кездесулер қорытындысы бойынша барлық әріптестер тарапынан өзара сенімнің жоғары деңгейі мен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайындық расталды.