Қазақстан СІМ-де Кипрмен ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министірінің орынбасары Арман Исетов Кипр Республикасының Қазақстандағы Елшісі Петрос Накузиспен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен қазақ-кипр ынтымақтастығын одан әрі нығайту перспективалары талқылады.
Тараптар қарым-қатынастардың оң қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтіп, көлік және логистика, ақпараттық технологиялар, қаржы қызметтері мен туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді. Гуманитарлық және білім беру алмасуларын кеңейтуге, сондай-ақ құқық саласындағы өзара іс-қимылға айрықша назар аударылды.
А. Исетов Кипрдің Қазақстан үшін Еуропалық одақтағы маңызды әріптес екенін атап өтіп, Астана Никосиямен ЕО, БҰҰ және ЕҚЫҰ желісі бойынша белсенді ынтымақтасуға әзір екенін айтты.
Өз кезегінде П. Накузис кипр тарапының көпжақты байланыстарды нығайтуға, іскерлік байланыстарды жандандыруға және мәдени бастамаларды ілгерілетуге ниетті екенін растады.
Кездесу соңында тараптар тұрақты диалогты жалғастыруға және екіжақты әрі көпжақты деңгейлерде байланыстар қарқынын сақтап қалуға уағдаласты.